Ревматологиялық аурулар созылмалы дерт саналады. Тармақтары бойынша бірнеше түрге бөлінеді. Сондықтан ем жүргізгенде тек буынды ғана емес, ағзаның өзге де мүшелерін емдеу қажет етіледі. Ревматологияның тұтастай медицинаны қамтитын сала екендігі де осыдан.
Жалпы, Қазақстанда 200 мыңға жуық адам буын ауруының зардабын тартып келеді екен. Ал әлем халқының 2 миллионы осы дерт бойынша арнайы тізімге алынған. Бұрын бұл дерттің құрсауына 50-ді еңсеріп, 60-қа аяқ басқандар шалдығатын болса, бүгінде 15 жастағы жеткіншектің де буыны ауырады.
Бүгінде республикамызда ревматология саласы қарқынды дамып келеді. Бұған елімізге шет елден арнайы профессорлардың келіп ревматолог дәрігерлердің біліктілігін арттырып жатқандығы дәлел. Ревматолог дәрігерлердің біліктілігін арттыру жұмысы биыл да жалғасын табуда.
Қызылорда қалалық ауруханасында «Қазақ ревматология алқасы» қоғамдық бірлестігі және «Asyl Сlinic» біліктілікті арттыру институтының ұйымдастыруымен өткен «Ревматоидты артрит және остеопароз ауруларында емдеудің және диагностикалық зерттеудің жаңа заманауи тәсілдері» тақырыбындағы облыстық семинар соның бір парасы.
Екі күнге созылған семинарға Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан және Қызылорда қалалық №1, 2, 3, 4, 5, 6 емхана, «Сенім», Теміржол емханасы, Жедел жәрдем стансасы, облыстық медицина орталығы, облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы және қалалық ауруханадан барлығы 65 маман қатысты.
Осы аралықта дәрігерлерге профессор Ғалымжан Тоғызбаев, «Қазақ ревматология алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шоқан Баймұхамедов, Ресейдегі В.А.Насонов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының сәулелі диагностика зертханасының меңгерушісі Александр Смирнов түрлі тақырыпта дәріс оқыды.
Семинар соңында қатысушы мамандарға арнайы сертификат табысталды.
Барлыбек БАТЫР.