Екпе жұмыстарына ерекше жауапкершілік

Мал ауруларының төбе көрсетуіне кейде жауапты мамандар да кінәлі боп жатады. Мәселен, қыруар қаржыға аурудың алдын алу үшін екпе жұмыстары жасалды дейік. Сөйтіп, мамыражай жүргенде төрт түлік ауруға шалдықты. Неліктен? Себебі, ветеринар мамандар екпе жұмыстарын талапқа сай жүргізбеген, қызметіне атүсті қараған. Еліміздің бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық дәрігерінің орынбасары Тұрсын Айтмұхамедұлы елімізде осындай келеңсіздіктер орын алып жатқанын айтады. Бұл жайында ол Қызылорда облысы әкімдігінде «Ветеринария саласындағы заңдылықтар туралы» тақырыбында өткен семинарда мәлімдеді. 
Еліміздің Премьер-министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтің тапсырмасына орай ұйымдастырылған шараға Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты ұйымдар, жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. 
Ащы да болса шындық осы  ветеринария саласында солқылдақ тұстар жетерлік. Оның бір парасы жоғарыдағыдай. 
– Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымына, Кеден одағына мүше. Бұл ұйымдардың өнімге деген талабы жоғары. Әсіресе, ет өнімдеріне деген сұраныс көбеймесе, азаймайды. Одан әрі биіктен көрінуіміз үшін ветеринария саласын жетілдіріп, ауқымды, сапалы жұмыстар жүргізуге тиіспіз, – деді семинардағы кіріспе сөзінде Тұрсын Айтмұхамедұлы.
– Жуырда сібір жарасы салдарынан Қарағандыда екі адам қайтыс болды. Осындай ауру Павлодарда да тіркелді. Сондай-ақ, кесел кесірінен батыс өңірде 1000-нан аса уақ мал қырылып қалды. Мұндай оқиға Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында да орын алды, – дейді еліміздің бас ветеринар-санитар дәрігерінің орынбасары.
Қызылорда облысында сібір жарасы ошақтары жоқ емес, бар. Бүгінде 1938-2002 жылдар аралығындағы тіркелген ошақтарды оқшаулау, залалсыздандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Сондай-ақ, облыста эпизотиялық тұрақтылық бар. Ауру таратар қаңғыбас жануарларды жою үшін биыл 39 млн теңге бөлініп, толықтай игерілген. Сонымен бірге, облыстағы 149 мал қорымдарын талапқа сәйкестендіру жұмыстары да жүріп жатыр. 
Еліміз бойынша да эпизотиялық жағдай бүгінгі күнге тұрақты. Бұл турасында айтқан Тұрсын Айтмұхамедұлы шешімін күтер мәселелерді де ортаға салды. 
– Республикада 2347 ветеринариялық пункт бар. Өкініштісі, олардың көпшілігі тұрақты орынмен, құрал-жабдықпен қамтылмаған. Сондай-ақ, екпе жүргізу кезінде дәрінің ережеге сай сақталуы көңіл көншітпейді. Және еліміздегі нақты мал санын анықтауда кемшіліктер бар. Соның кесірінен мал ауруларының бақылаудан шығуына жол берілуде, - деді ол.
Тұрсын Айтмұхамедұлынан кейін «Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталық» РМК-нің Алматы облысы филиалының директоры Батырбек Айтжанов сөз сөйлеп, сібір жарасы туралы мәліметтерімен бөлісті.
Семинарда, сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қарасты басқа ұйымдар өкілдері баяндама жасап, саланың қыр-сырына қатысты ойларымен, тәжірибелерімен бөлісті.
Нағымжан САУЯЕВ.

ҚОҒАМ 08 қазан 2016 г. 649 0