Биыл тәуелсіз еліміздің егемендігіне жиырма бес жыл толды. Ширек ғасырда мемлекетіміз талай-талай белестерден өтіп, бірқатар жетістіктерге жетті.
Осы мерзім ішінде Қазақстан Республикасы Сот билігінің де асқан белестері айтарлықтай, жарияланған құқықтық реформалардың аясында сот жүйесінде оң өзгерістер орын алды.
Бұл ретте әр төрт жыл сайын өткізілетін республика судьялары съездерінің ықпалы зор. Алқалы жиында соттардың алдына тың міндеттер қойылып, өзекті мәселелелер шешімін тауып, сот жүйесін одан әрі тиімді ете түсу мүмкіндіктері талқыланады.
Өткен жылы Елбасы жариялаған Ұлт Жоспарының екінші реформасы бойынша соттарға бекітілген 11 қадам аясында бүгінгі күні сот жүйесі сатылары оңтайландырылып, судья лауазымына үміткерлерді іріктеу механизмі және біліктілік талаптары қатаңдатылды.
Ал, Ұлт Жоспарының 19 қадамын іс жүзінде жүзеге асыру үшін биыл қазан айында республика судьяларының кезектен тыс VIІ съезі өткізілмек. Ел басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан судьялар корпусының кәсібилігін арттыру маңыздылығын, ешкімнің де қателік жібермейтініне кепілдік жоқ екенін айтуының да салмағы басым.
Әсіресе, судьялардың ардан аттамай, әділетті болуы еліміздегі сот жүйесінің ашықтығымен тығыз байланысты.
Мәселен, «Би төрттің құлы: адал, еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік». Айтылған ойдың астарлы мағынасын ұғынсаңыз, биікті бағындырып, аққа жаршы болған судьяның тағдыры қандай болуы керектігін ұғындырады.
Ендеше, бүгінгі қоғамның басты талабы судьяларға сот төрелігін жүзеге асыру барысында заңдылықты және судья әдебі нормаларын сақтауға жоғары талаптар қояды.
Республика судьяларының кезектен тыс VIІ съезінде судьялардың жаңа әдеп кодексі қабылданады деп жоспарлануда. Судьялардың этика кодексінің алғашқы нұсқасы да 2009 жылы осы қазылар съезінде қабылданды.
Аталмыш заңның жобасының қазіргі көлемі бұрынғысына қарағанда салмақты. Судьялардың этика кодексі жобасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, судья әдебін сақтау, парасаттылық пен жоғары адамгершілікті, кәсіби біліктілікті жандандыру қажеттілігі назарда. Онда судьяның кәсіби қызметтегі мінез-құлқына ғана емес, қызметтік міндеттен тыс кезіндегі отбасы мен тұрмыстағы мінез-құлқының әдептік қағидаларына қойылар талаптар да бар. Сонымен бірге, судьяның абырой-беделіне ерекше көңіл аударылып, бірқатар шектеулерде қойылған. Мәселен, судьяның кәсіби қызметі саясатпен сыйыспайды. Судья өзінің саяси көзқарасы мен пікірлерін көпшілік алдында білдіруге, партияларға немесе саяси мақсаттағы қоғамдық бірлестіктерге мүше болуға, оларға сот дауларының нысанасы болуы мүмкін мәселелер бойынша консультациялар түрінде құқықтық көмек көрсетуге құқылы емес.
Сот төрелігінде судья қызметін атқару өте күрделі, қиын да, салмақты, тынымсыз ізденісті талап етеді. Әрбір судья әдеп кодексінің талабын сақтауға міндетті. Сотқа деген сенім – судьяға деген сенім, сондықтан судья сол сенімге селкеу түсірмеуі тиіс.
Қорыта айтқанда кодекске енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар заман талабынан туындап отыр. Ондағы бірегей мақсат сот жұмысын одан әрі жандандырып, азаматтардың сотқа деген сенімін арттырып, өркениетті елдердің көшіне ілесу және сапалы сот жүйесінің кепіліне айналдыру.
Б.ҚАЛЫМБЕТ,
Қызылорда облыстық сотының
қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы