Білім саласының биігі қуантады

Қоғам өміріндегі сан алуан оқиғаларға назар аударып отыру кім кімге де артықтық етпесі анық. Баспасөзден облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың облыстық мәслихат сессиясында сөйлеген сөзімен танысып шықтым. Аймақ басшысының «бүгінгі басқосу жергілікті атқарушы биліктің дәстүрлі есеп беруі ғана емес, осы жылы атқарған жұмысымызды, ағымдағы жағдайды бірлесіп талқылаудың тамаша мүмкіндігі» деген сөзіне орай ақжаулықты ана, шәкірт тәрбиелеген  ұстаз, қарапайым ауыл тұрғыны ретінде менде өз пікірімді білдіруді жөн санадым.
Жалпы, Сыр өңірінде соңғы 3-4 жылда атқарылған игілікті істер мақтанышпен айтуға толық лайықты. Жуырда облыс орталығы – Қызылордаға жолым түсіп барғанымда жаңарған қаланың сәулетті келбетіне қатты сүйсіндім. Кезінде өзім де осынау тарихы тереңнен сыр шерткен қалада білім алып, жоғары оқу орнын бітірген едім. Арада өткен біршама жылда шаһардың ажары танымастай өзгеріпті. Қайда қарасаңыз да, әсем салынған зәулім құрылыстар, жасыл желекке малынған көшелер, өзге де нысандарды көресіз. Облыстың қай саласында болмасын өсу, өркендеу бар. Әсіресе кәсіпкерлікті дамыту тұрғысында ілкімді шаруа тындырылған. Әрі, аймақ басшысы айтқандай, «мемлекеттің әрі бизнестің қаражатын босқа шашпау үшін «сан емес сапа» қағидатын тұтынғаны айқын аңғарылады.
Ұстаз ретінде мені Қырымбек Елеуұлының білім саласына қатысты  келтірген дерегі үлкен қуанышқа бөлейді. Онда мектептерде үш ауысыммен оқыту мәселесінің облыс көлемінде түбегейлі шешімін тапқаны, апатты жағдайдағы білім ошақтарының пробле­маларын шешуді облыс әкімінің дағдарысқа қарсы жоспарындағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырылғаны, ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл жыл сайын артып келе жатқаны жазылыпты. Мұнан бөлек, жетімдер мен тұрмысы төмен отбасы балаларына бөлінген грант, Ресейде 300-ден астам баланың тегін білім алуы – үлкен жетістік емес пе? Мұндай жайт кешегі Одақ кезінде де болған емес.
Өзім ұзақ жылдардан бері еңбек ететін Жанқожа батыр ауылындағы  №94 мектептер де біраз жұмыстар атқарылады. Біздің түлектеріміздің соңғы жылдардағы білім көрсеткіші мақтан тұтуға лайықты. Бірнеше жыл қатарынан «Алтын белгі» иегерлері  шықты. Сондай-ақ, өзге де сала бойынша түрлі деңгейдегі бәсекеде топ жарыған шәкірттеріміз баршылық. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, баршасы ауызбіршілік, ынтымақтың  жемісі екені хақ. Ендеше ауызбіршілігіміз ұзағынан сүйіндірсін.
Зағира ИСАЛДА,
№94 мектептің мұғалімі.
Қазалы ауданы.
ҚОҒАМ 01 қазан 2016 г. 665 0