Даму жолындағы даңғайыр іс

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттар алдында берген есебін газеттен оқып таныстым. Барлық сала бойынша атқарылған жұмыстар айтылған.  Барлығында да айтарлықтай өзгерістер, алға жылжушылық бар.  Оны өзіміз де көріп жүрміз. Бір ғана құрылыс саласын алайықшы. 
Қазір құрылыс қарқынына көз ілесер емес. Облыс орталығының келбетіне көрік қосқан зәулім ғимараттар алыстан мен мұндалайды. Санаулы ғана уақытта бой түзеген тұтас шағын аудандар тұрғындар жүрегінде жылылық ұялатты. Соңғы екі-үш жыл бойы әрбір айтулы күндер, мейрам сайын жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер пайдалануға берілуде. Соның бір дәлелі кешегі өткен қала күні мерекесі. Қала қақпасы құрылысы аяқталып, жаңа балабақша ашылды, жаңа шағын аудан үйлерінің кілттері тапсырылды. Жаңа пәтердің кілтін алған жандардың қуанышын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұндай көлемде көпқабатты үйлердің бір мезгілде салынып бітуін қашан көріп едік. Ондай жағдай ешқашанда болған емес. Шаһардың батыс бөлігіндегі «Мерей», «Ақмешіт» шағын аудандарының құрылысының өзі 5-6 жылдан астам уақытқа созылған болатын. Қазіргі уақытта 1-2 жыл ғана жұмсалады. Кейінгі жылдары 7 мыңға жуық отбасы жаңа пəтерге ие болды. Ол 30 мыңнан астам баспаналы болған қызылордалықтардың қуанышы еке­ні белгілі. Биыл Қызылорда қаласында  80 көпқабатты үйдің құрылысы жүруде. Мемлекеттік қаржыландырудан бөлек, 4-5 қаржы институттары Қызылордада баспана салуға жұмылып жатыр. Бұл да аймақ басшысының іскерлігі дер едім.
Әкім есебінде көп адамдарға құрылыс салуға жер бөлу оңай шаруа сияқты көрінетінін келтіріп өтіпті. Иә, шын мәнінде жерді бергенге дейін орасан зор ұйымдастыру жұмыстары жасалады, мәселе шешімін табу үшін талай тірлік атқарылады. Мәселен, «Бәйтерек» ықшам ауданы бойынша жұмыстар 2013 жылы басталған. Сол жылы геологиялық барлау жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, топырақасты суларының баржоғына жіті («Мерей», «Ақмешіт» ықшам ауданының тұрғындары кезіккен проблемаларға жол бермес үшін) талдау жүргізілді. Ал 2014 жылы ықшам ауданды егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасауға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. 
2015 жылы – жергілікті бюджеттің есебінен жобалық-сметалық құжаттама жасалды, содан соң жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілді. 2015 жылдың желтоқсанында Ұлттық экономика министрлігіне осы жер алабының инженерлік инфрақұрылымын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлуге алғашқы өтінім беріліпті (мемлекеттің жеке тұрғын үй салуға тек инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жерді ғана бөледі). 2016 жылдың қаңтарында қаржыны алу үшін бұл жобаны Үкіметте қорғауға тура келген. Тек 2016 жылдың наурызында ғана  ықшам ауданның аумағына инженерлік инфрақұрылым жүргізуге бөлінген бірінші қаражаттық траншты алуға қол жеткізілді. 
Қазіргі экономикалық жағдайда мемлекет бюджет қаражатын үнемдеп жұмсауға бет бұрған уақытта, жобаны республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіп, қаржыны алуға қол жеткізу  бұл – оңай шаруа емес.  Мұнан бөлек, апатты үйлер құрылысына да қаржы бөлінуде. Сонымен бірге, мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде құрылыстар жүруіне жақсы ықпал жасалуда. Осының бәрі облыс әкімі мен оның командасының тынымсыз жұмысының нәтижесі деп білемін.
Жеткерген ОРАЗБАЕВ, 
Қызылорда қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы.

ҚОҒАМ 01 қазан 2016 г. 725 0