Судьялардың кәсіби біліктілігін арттырады

Судьялардың кәсіби біліктілігін арттырадыРеспублика судьяларының бүгінгі күнге дейін алты рет съезі  өтіп, онда алда атқа рылуға тиіс ауқымды шаралар белгіленіп, соттардың өзекті мәселелері шешімін тапты. Сот жүйесі материалдық-техникалық  жағынан оң өзгерістерді  өткерді. Жаңадан сот ғимараттары салынса, көпшілігіне күрделі жөндеулер жүргізіліп, компьютерлер мен заманауи  техникалық құралдармен жабдықталды. 
 Судьялардың съезі – сот жүйесінің дамуы мен өзекті мәселелердің шешімін табуына, әр аймақтан келген судьялардың ой-пікір алмасуына, сот жүйесінің жетіспеушіліктерінің толықтырылып, қамтамасыз етілуіне ықпалын тигізеді.
2013 жылдың 20 қарашасы нда өткен судьялардың VI съезінде сот саласының соңғы 4 жылда атқарған жұмысының нәтижесі басты назарда болды. Съезде сот жүйесін әрі қарай ілгерілету, орын алған кемшіліктерді көрсетіп, судьялар жұмысына жаңа серпін беру, құқықтық жүйені белсенді қалыптастыру мақсаты айтылды. 
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев осы жиында: «біріншіден, Қазақстандағы сот өндірісі әзірге негізсіз ұзақ және формальды сипатқа ие, екіншіден, соттардың мамандануын дамыту бөлігінде біз әлі жолдың басында тұрмыз. Үшіншіден, судьяларға түсетін жүктеменің өсуі мәселесін шешу маңызды, төртіншіден, қазақстандық сот жүйесі әлі де болса соттар қателігі, заңдылық пен судья этикасын бұзу фактілерімен беттесуде» деп негізгі кемшіліктерді атап өтті. Сонымен қатар, Елбасы «Медиация туралы» заңнаманың жетілмегендігі біздің еліміздегі даулы жағдайларды реттейтін соттық емес институттардың дамуын тежеп отыр», – деп «Медиация туралы» отандық заңнаманы халықаралық стандарттармен сәйкестендіру керектігін айтты.
Қазақстан Республикасы Судьяларының әр съезінде қабылданған шешімдер тыңғылықты орындалып келеді. Мәселен, VI съездің игілікті қорытындысы ретінде 2014 жылы республикалық бюджеттен судьялар санын 450 адамға ұлғайтуға тапсырма берілді, сондай-ақ қосымша 450 персонал және 60 сот приставы қызметке кірісті. Нәтижесінде судьялар корпусының құрамы және сот аппараттары 960 адамға ұлғайды. Бұл Қазақстанның сот жүйесіне оң ықпал ете білді және соттардың жүгін жеңілдетуге септігін тигізді.
Биыл қазан айында республика судьяларының VIІ съезі өткізіледі. Аталмыш съезд бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» – Ұлт жоспарының 19-қадамын жүзеге асыруды көздейді. Аталған шешім судьялардың кәсіби және моральдық бейнесіне деген қоғам талабының артуына, сондай-ақ, Судьялар әдебінің жаңа кодексін қабылдау қажеттігіне байланысты қабылданып отыр. 
Алмат БАБАТОВ, 
Қызылорда қалалық сотының төрағасы.

ҚОҒАМ 24 қыркүйек 2016 г. 754 0