ЖАҢА МЕШІТ ҮЙІ АШЫЛДЫ
Қоғалыкөл ауылында Тұңғыш Президент күніне орай мұнаралы, айшықты, сәулетті жаңа мешіт үйі халық игілігіне ұсынылды. Оның алғашқы іргетасын Мұрат, Мақсат Асылбековтер қаласа, ірі қалада қызмет ететін ауыл түлектері Жеңіс Әбіласанов пен Ғабит Икрамов қолдау көрсетіп, Түрік мемлекетінің азаматы Ахмет Яхшы қажының демеушілігімен құрылыстың толық аяқталуына қол жеткізді. Ортақ іске ауылдың мектеп оқушыларынан бастап еңкейген қарияларына дейін үлес қосты. Кәсіпкерлердің бірі ірі қара, енді бірқатары 20-100 мың теңге көлемінде қаржы берді. Сондай-ақ ауылдағы әртүрлі сала қызметкерлері сенбі күндері құрылыс басынан табылды.
Жаңа мешіттің ашылуына орай ас беріліп, көпшілік марқұм болған ауыл азаматтарына құран бағыштады. Ауыл ақыны Байрон Есенбаев өз жүрегінен жарып шыққан «Жаңа мешіт» атты өлеңін оқыды.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Сырдария ауданы.
ПОЭЗИЯ ПАДИШАСЫ
Тасбөгет кентіндегі №13 балалар кітапханасында №11 мектептегі Сәуле Ермашова жетекшілік ететін сынып оқушыларының күшімен Қазақстанның халық ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған «Поэзия падишасы» атты әдеби оқу ұйымдастырылды. Оқушылар ақынның балаларға, туған жер мен туған елге арнаған өлеңдерін жатқа оқыды.
Кеш барысында «Жауһар жырды жүрегінде тербеген» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда ақынның шығармалары, әр жылдары басылым беттерінде жарияланған мақалалары қойылған. Сонымен қатар кеште ақынның сөзіне жазылған және өзіне арналған әндер шырқалып, күй күмбірледі.
Майра КЕМБІЛОВА,
аға кітапханашы.
«ЕКІ КӨЗІҢ – ШЫРАҒЫҢ...»
Ата-бабамыз қалай тауып айтқан. Шырағың сөнсе көрген күнің қараң болары хақ. Көзімнің қысымы көтеріліп, облыстық аурухананың көз емдейтін бөліміне түстім. Дәрігерлер ота жасады, көрер жолым айқындалып, біршама жақсардым. Менің айтайын дегенім өз жағдайым емес, Сәкен Шілманов жетекшілік ететін ақ халатты абзал жандардың қалтқысыз қызметі, алғаусыз көңілі еді. Дәрігерлер Жантемір Изнатов пен Ислам Садықовтың, медбикелер Мира Қайынова, Сұлушаш Омарова мен Жұлдыз Шайзадаеваның еңбектері өлшеусіз. Олар өз қызметтерін мінсіз атқарумен қатар емделушілерге жақсы жағдай жасауға ұмтылады.
Жарты ғасырдан астам серігім болып келе жатқан «Сыр бойы» газеті арқылы мен осы бөлім қызметкерлеріне аталық алғысымды білдіргім келеді.
Жылқыбай БОДЫБАЕВ,
еңбек ардагері.
Қызылорда қаласы.
ҚОРЫМҒА ҚАМҚОРЛЫҚ КЕРЕК
Бекарыстан би ауылында «Боташ болыс» қорымы бар. Өткен жылы ауыл ақсақалдары мен ауылдан шыққан зиялы азаматтар бас болып қаржы жинап, қорымды айналдыра ірге тас құйып, ақ қаңылтырмен қоршаған болатынбыз. Ал биылғы жылдың тамыз айында ауыл тұрғындары бірлесе ата-баба рухына ас беріп, дұға оқытты.
Ендігі айтайын дегенім, ауылдың батыс бетіндегі аумағы ат шаптырым болатын Асандар қорымы жайында. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде Майдакөл ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Қали Мәкеновтің басшылығымен қорым тікен темірмен қоршалып, оған апаратын жол тегістелген болатын. Одан бері қаншама уақыт өтті. Темір қоршау да, жол да жарамсыз болып қалды. Онда қаншама адамның ата-бабасы, туған-туыстары, бауырлары жатыр. Солардың аруағын сыйлап, мәңгілік мекенді күл-қоқыстан тазартуға, айналасын қоршап, баратын жолын жөндеуге әбден болады ғой. Бұдан екі жыл бұрын Алматы қаласында тұратын кәсіпкер, осы ауыл түлегі қорым басына өз есебінен тілеухана салып берген-ді. Осындай игілікті шараларды жалғастыруға неге болмасқа. Себебі, «өлі риза болмай тірі байымайды» дегендей, өлілер мекенін қамқорлыққа алу қажеттігі күн өткен сайын анық сезіліп келеді.
Б.НАҒЫМАНОВ.
Бекарыстан би ауылы,
Қазалы ауданы.
АЛТЫН ҚОЛДЫ АЛТЫНБЕК
Арал ауданы Тоқабай ауылында тұратын алтын қолды сынықшыны білмейтін жан жоқ. Осы ауылда туып-өскен Алтынбек мектеп бітірісімен ауылдық ауруханаға жүргізуші болып орналасқан-ды. Осы күнге дейін сол жерде жемісті еңбек етіп келеді.
Сынықшылық атадан балаға мирас болып қалатын қасиет деп айтуға әбден болады. Мәселен, Алтынбектің әкесі Аталық кезінде ауыл-аймаққа аты шыққан сынықшы болатын. Ем іздеп келген талай жанға өз шипасын дарытып, халықтың шынайы алғысына бөленген. Енді міне әкесінің бойындағы сынықшылық қасиетті еншілеген Алтынбек өзіне қиналып келгендерге көмек көрсетіп келеді. Оған бұл қасиет қалай келді?
– Өрістегі балшыққа батып қалған тайды шығарып алғым келді,– деп еске алады Алтынбек. – Әрі-бері тартамын, еш қозғалмайды, әбден шаршадым. Құлағыма «балам-ай, қатты қиналдың-ау» деген дауыс келгендей болды. Үрейленіп жан-жағыма қарадым, ешкім жоқ. Жүрегімді тоқтатып, тайды қайта тартқан кезімде он кісі көмектесіп жатқандай жеп-жеңіл шыға келді. Түсіме қара шапан киген үлкен кісі жиі енетін болды. Бірде «барлық құдіретті қолыңа ал» деп бата берді. Түсімді енеме айттым. Ол кісі «балам, таза жүр, келген жандармен жылы сөйлес. Түсің жақсы екен, талабың оң болсын!» деді. Бұрын тек әкеме көмектесетінмін, кейін бәрін өз қолыма алдым.
Содан бері де жеті жыл уақыт өтіпті. Алтынбекке келушілер қатары күн сайын артып келеді. Атағы алысқа кеткені болар өткен жылы Кентау қаласынан Зәуре деген кісі арнайы іздеп келді. Кезінде зақымданған оң қолы қисық бітіп, қозғалудан қалған екен. Алтынбек оны бұзып, қайта орнына салып берді. Жауырыны ортасынан қақ бөлінген саздылық Жетес, аяғы сынып, дұрыс бітпей төрт ай бойы балдақпен жүрген сексеуілдік Күншолпан есімді жандар құлан-таза жазылып кетті. Балдақпен не біреудің көмегімен келген талай жан алтын қолды Алтынбектің жылы сөзі мен шипалы емінен дәру алып, өз аяқтарына тұрып кеткен-ді.
Бойындағы сынықшылық қасиетімен талайлардың алғысына бөленген Алтынбек Бекпанов қарапайым отбасы ұйытқысы, үш бала тәрбиелеп отырған асыл әке, аяулы жар. Оны бүкіл ауыл мақтаныш тұтады.
Несібелі ЕРЖАНОВА,
№248 орта мектеп мұғалімі.
Арал ауданы.
ЖАРЫМ КӨҢІЛГЕ НҰР СЫЙЛАҒАН
Сіңілім мектепті жақсы бітірді, арнаулы оқу орнында оқып, есепші мамандығын игерді. Өкінішке орай, жастайынан құлағы мүкіс болып, ақыры есту қабілетінен айырылды. Ел көлемінде көрсетпеген дәрігеріміз, апармаған емшіміз қалмады, нәтиже болмады. Құлағына есту аппаратын киді. Өзінің құлақ кемістігінен қорынып, жұмыс та істемеді, көпшілікпен де араласа алмады. Біз де еш қайран қыла алмадық.
Бірде жергілікті теледидардан облыс әкімшілігі жанынан «Ұшқын» атты мүгедектердің құқығын қорғау және жәрдем беру қоғамдық бірлестігінің құрылғанын білдік. Қиналып барған сіңлім өзі секілді жарымжан жандарды, орталықтағы жылы қабақ, ыстық ықылас пен шынайы пейілді көріп, жадырап қалды. Бақыт Жұмашев басқаратын орталық қызметкерлері келушілермен ықыласпен сөйлесіп, оның мақсат-мүддесімен таныстырды. Әртүрлі топтағы мүгедек ұл-қыздардың, жетім балалардың, әке-шешесі мүгедек жандардың осы орталықта компьютерді үйреніп, ғаламтормен жұмыс жасауды меңгеретінін, қысқа курстарда оқып, түрлі мамандықты игеретінін білдік. Бәрі де тегін.
«Ұшқын» қоғамдық бірлестігіне барып, өз ортасын тапқан сіңлімнің көңілі көтеріңкі, жүзі жадыраңқы. Мен осындай қиын жағдайда жүрген міскіндерге көмек қолын созған қайырымды жандарға ризамын.
Мираш НҰРЖАУОВА,
қала тұрғыны.
ҚОЛЫНАН КЕЛСЕ, ҚОНЫШЫНАН БАСА МА?..
Бірде бір шаруамен Қазалы қаласына баруыма тура келді де Төретам-Қазалы бағытындағы №246 нөмірлі Икарус көлігіне отырдым. Елу орындық автобус ішінде кемінде 100 адам бар. Алдыңғы қатарда 6 орын бос тұр екен, соның біріне отырдым. Бір жігіт келді де «бұл кассирдің орны, 600 теңге төлеңіз» деді. Билет құны 400 теңге, алайда арнайы билет сатылмайды. Көлікті жеке меншігіне алған адам ойына келгенін істеп жүре бере ме сонда? Ол жолдама алып, арнайы бағытқа шықты, оның үстіне адам тасиды, қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс қой. Оның сөзі «көлік жеке меншігімде, не істесем де өз еркім, сіздің шаруаңыз болмасын» дегеннен аспады. Кейін сұрастыра келсем, көлік иесі Әділ Мұратбаев деген жігіт болып шықты. Оның осындай екі автобусы бар, екеуіндегі жағдай да осындай екен. Ал көлік «Асар Байқоңыр» ЖШС-на қарайтын көрінеді. Оның басшысы Бақытбек Құлбосынов көрінеді. Оны кездестіріп, сөйлескен жан жоқ. Өйткені, орнынан табылмайды. «Асар-Байқоңыр» серіктестігі облыс орталығындағы «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» басқармасына қарайтын көрінеді.
Айтайын дегенім, жолаушылар тасымалдайтын көлікте тәртіп пен қауіпсіздік, тиісті талап болуы керек. Ал оны жеке көлік иелері ескермейтін секілді.
Әмидолла НАҒЫМЕТОВ,
еңбек ардагері.
Төретам кенті.
АЛАҢДЫ АУЫСТЫРУ КЕРЕК ШЫҒАР
Аудан орталығында тас тиеу алаңы бар. Оның айналасы тұрғын үй, жанында №125 орта мектеп бар. Тас тиеу болғаннан кейін тәулік бойы тарсыл-гүрсіл, бораған шаң болатыны өз-өзінен түсінікті. Өзі де ауыр тас ауыр салмақты машиналармен тасымалданады. Соның салдарынан күре жолдар істен шығуда.
Бұл жерде тұрғындар тұрып жатыр, ел болашағы тәрбиеленеді. Сонда оларға ешкімнің жаны ашымағаны ма? Тас тиеу алаңын елсіз аймаққа шығаруға мүмкіндік мол, тек оған құлық жетіспейді.
Рысбай ДАРХАН.
Жаңақорған ауданы.
ТАҢЫРҚАТҚАН ТЫЛСЫМ СЫР
Қаладағы бір ықшам ауданының орталығында қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тұр. Бұл жер қазір қалың жұртшылық жыл сайын 31 мамырда тағзым етіп, жазықсыз жандарды еске алатын қасиетті алаңға айналды. Ескерткіш маңайы жылма-жыл жаңа құрылыстармен бой көтеріп келеді. Бұған қуану керек.
Дегенмен, бір алаңдаушылық сейілмей тұр. Бір кезде Кетебай би көшесінің бойынан бір азамат үш қабатты коттедж тұрғызды. Салғанда әлгі ескерткіш жанына тақап үй салды. Үйге кірген бойда түн бойы белгісіз жандардың жер астынан дыбысы шығып, үй иелеріне үрей туғызумен болған. Есік, терезелер шытырлап, үй алдына сүйектер шашырай берді. Сонымен, бұл үй қазір есік-терезесі аңғал-саңғал жұлынған күйінде тұр. Жүргіншілер олай-бұлай жүрген сайын үрейленетін болды. Көрші-қолаңдар «Кезінде бұл жерден бекер үй салған ғой . Аруақтар тыныштық бермей тұр!» – деп те сөз өрбуде.
Сонымен, бұл үй әзірше қаңырап бос тұр. Ешкім бас сұққысы жоқ. Бұған қандай уәж айтасыздар, қалың оқырман?
Қайыр ҚОРАСАНИ.
Қызылорда.