ЖАС ҰРПАҚҚА БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

Елбасының Сыр өңіріне келуі, оның ішінде жақында ғана ашылған Назарбаев Зияткерлік мектебінде ат басын бұруы жұртшылық үшін үлкен қуаныш болды. Зияткерлік мектептің жай-күйімен жете танысқан Елбасы ұстаздар қауымымен жүздесіп, елдегі білім саласындағы түбірлі өзгерістерге шолу жасады.
2009 жылы Астана қаласынан бастау алған халықаралық талаптар деңгейіндегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің саны жыл өткен сайын толығып келеді. Қызылорда қаласынан ашылған зияткерлік мектебіне облыстың бар аймағынан алғыр, зерек балалар конкурстық негізде іріктеліп, алынды. Мұндағы ұстаздар қауымы да бірнеше сыннан сүрінбей өткен мұғалімдер болып саналады. 
Менің алғашқы ұстаздық жолым қаладағы №8 мектепте басталды. Облыстан Назарбаев зияткерлік мектебінің іргетасы қаланғаннан оған ұстаздыққа конкурс жарияланды. Атына заты сай мектепте қызмет істеу, дарынды балалармен жұмыс жүргізу кім-кімге де арман емес пе? Мен де өз бағымды сынап көруге тәуекел еттім. Жұлдызым жанып, сыннан сүрінбей өтіп, мұғалімдікке қабылдандым. Арнайы курстардан өтіп, білімімізді жетілдірдік. Ең үздік заманауи технологиялармен жарақтандырылған, дарынды, алғыр оқушылармен жұмыс жасау – әрі қызықты, әрі жауапты іс.
Елбасы ұстаздармен, зиялы қауыммен, жастармен кездесулерінде білімдінің заманы туғанын, адамнан адамның артықшылығы оның білімінде екенін үнемі айтып келеді. Бүгінгі жас ұрпақ Нұрсұлтан Әбішұлының осы сөзін ұдайы жадында ұстаса, іздену мен үйренуден жалықпаса екен деймін. Әлемнің алдыңғы қатарындағы елдердің жоғары оқу орындарында оқып, білім алып, оқыған-тоқығанын халқының игілігіне жұмсаса үлкен жетістік болар еді. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. 
Елбасы Н.Назарбаев мектепте ұстаздармен кездесуде дарынды балаларды қазіргі заманғы озық білімге даярлауды басты мақсат етіп қойды.
Жадыра ӘЖІБАЕВА,
Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі.


ҚОҒАМ 24 қыркүйек 2013 г. 1 462 0