РУХЫМЫЗДЫ БИІКТЕТТІ

Соңғы жылдары батыр Нағи ауылының жетістіктері мен тыныс-тіршілігі бүкіл елге мәлім болды. Елбасы бір сапарында арнайы ат басын тіреп, елдегі ағайынмен пікірлесті. Алыс-жақыннан келген қонақтар аулымызға соғып, "21 ғасыр ауылы” атанған елді мекеннің келбетіне, кемелденген қалпына  қызығатын болды. 
Тәуелсіздік күні қарсаңында төбемізді көкке жеткізген тағы бір жаңалық, ол – Нағи ауылын түлеткен азамат Абзал Ералиевтің Еңбек Ері атануы, биік марапатты Елбасы қолынан алуы еді. Нұрсұлтан Әбішұлының "Нағи ауылы бұрын Батырдың ауылы болса, енді Еңбек Ерінің ауылы болады” деген сөзі біздің ауылдың болашағына зор үміт артатынын аңғартты. Абзал Ералиевтің аты бұрын ауылын абат баққа айналдырған азамат ретінде танылса, енді  Сыр бойына Еңбек Ерінің жұлдызын алғаш әкелген адам ретінде тарихта қалмақ. 
"Ауылына қарап, азаматын таныған” қазақпыз ғой. Абзалдай туған жердің тұғырын биіктетер ерлер көбейе берсін! 
Төребек ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
Нағи Ілиясов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. 
Сырдария ауданы.
***
Тәуелсіздік күні қарсаңында Сыр бойындағы бірқатар азаматтардың еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болуы тілеулес ағайын-жұртты қатты қуантты. Бұл марапаттар Елбасының Сыр еліне, сол аймақтың игілігі үшін қызмет атқарып жүрген азаматтарына берген бағасы деп түсіндік. 
Соңғы жылдары инвестициялық әлеуеті артқан өңірімізде жағымды жаңалықтар молынан болып жатыр. Жолдар жөнделіп, халықтың тұрмысы жақсарды. Жаңа ғимараттар іске қосылып, Қызылорда қаласының келбеті көріктене түсті. Мұның бәрі еселі еңбектің арқасында іске асқаны белгілі. 
Мереке күні жұртшылық еңбектің адамды ер атандыратынына,  ұшар биікке көтеретініне тағы бір көз жеткізді. Марапат адамның кеудесіне тұрып, оның иығына бұрынғыдан екі есе жауапкершілік жүктейді. Мұны марапат алушылардың өздері де айтты. 
Араға бірталай уақыт салып, бұрынғы Социалистік Еңбек ерлерінің ізін  Сыр бойының Еңбек Ерінің жалғастыруы, басқа да жоғары дәрежелі наградалардың өз иелерін табуы халықтың рухын көтергені сөзсіз. 
Күләш ДОМБАЕВА,
№10 орта мектептің мұғалімі.
Қызылорда қаласы.

ҚОҒАМ 19 желтоксан 2013 г. 1 290 0