Халқымызда «Қарты бардың – қазынасы бар» деген әдемі нақыл бар. Алайда өмірде тағдыр тәлкегімен жалғыз қалып немесе туған-туыстары бола тұра ешкімге керексіз күйге түскен қарттарымыздың бар екені ащы да болса, шындық. Бірақ ондай жандарды мемлекет далаға тастаған емес. Бүгінде қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйлері мұндай қамкөңіл жандарға әрдайым қамқорлық көрсетіп келеді.
Облыстағы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі интернат үйін бірнеше жылдан бері Сапура Қожантайқызы басқарып келеді. Оның осы саладағы көпжылдық тәжірибесі бұл жерде өмір сүріп жатқан әрбір қариямен жіті түсінісуге көмегін тигізеді. Өйткені, кең пейілді басшы олардың барлығын теңдей көріп, тіпті кейбір істе өздерімен кеңеседі.
– Мемлекет тағдыр тәлкегіне түскен мұндай жандарға қандай қамқорлық көрсетсе де, бәрібір олардың көзінен бақыт нұрын көре алмайсың. Десе де, тағдыры ұқсас жандар бір-біріне сүйеу, біріне- бірі қамқор. Әрбір адамға өз әке-шешесінен асқан жақын адам жоқ. Өкінішке орай, өзін мына жарық дүниеге әкеліп, ақ сүтімен әлпештеп өсірген анасын, баласының игілігі үшін бар күш-қуатын арнаған әкесін ұмытып, қартайған шағында өмір тәлкегіне тастап кеткен қатыгез балалар да арамызда бар. Біздің интернат үйінде барлық жағдай жасалған. Олардың күнделікті ыстық тамағы мен жатын орындарынан бөлек қызмет түрлері де жасалады. Жабырқаулы жандардың көңілі серпілсін деп еліміздің қасиетті жерлеріне, қаланың көрікті орындарына серуенге шығарып тұрамыз. Демалыс бөлмесінде арнайы кештер, мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Бізде қолынан бал тамған шеберлер де, ақындар да, зергерлер де бар. Олар үшін үйірмелер жұмыс жасайды. Өзара түрлі деңгейдегі байқаулар өткіземіз. Тағдыр тәлкегіне түссе де, оларға жалғыздықты сездірмей, қоғамға керек екендіктерін ұғындыру мақсатында қолымыздан келгенін аянып қалып жатқан жоқпыз. Жиырма бес жылға жуық осы салада қызмет етіп келе жатқандықтан, әрбір қария мен үшін баға жетпес қазына,– дейді Сапура Қожантайқызы.
Өзінің еңбек жолын қалалық балалар емханасының логопед-дефектолог мамандығынан бастаған ол бірнеше жыл бойы облыстағы қайырымдылық және денсаулық қорының төрайымы болды. Одан кейін «Жанұя» коммуналдық шаруашылығын төрт жыл басқарды. Ал 2002 жылы «Қызыл ай» қоғамы облыстық филиалының, 2006 жылы осы интернат үйінің директоры қызметіне тағайындалды. Былтыр Астана қаласында өткен І Әйелдер съезінің делегаты болды.
Отбасында аяулы ана, ақ жаулықты әже атанып отырған Сапура Қожантайқызының өнегелі еңбек жолы осындай. «Қарияны шаңырақтың берекесі, ырысы» деп білетін қазақтың қызы өзі басқаратын интернат үйінің ауызбіршілігін сақтауда, ол жерде жылылық пен шаттықтың орнауына үлес қосып келеді. «Шапағат» медалімен марапатталған Сапураның еңбегі лайықты бағаланды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.