ТОҒЫСҚАН ЖҮРЕКТЕР

Оқырман! Осы бір екі жастың тойы өткеніне бірер айдың жүзі болып қалды. Жұптары жарасқан Мейіржанның Қуанышев пен Сәуле Сламбекқызының тату-тәтті тіршілігі екінің бірін тәнті еткендей. Азамат Мейіржан қос жанары семіп қалған ғашық жары Сәулеге ілтипаты мүлдем бөлек. Мейіржан қаладағы бір күзет бөлімінде еңбек етеді. Жалақысы да мәз емес. Жұмыстан оралған бойда Сәуленің қас-қабағына қарап, үй тіршілігіне белсене араласып кетеді. Үй тіршілігін бірігіп атқарады. Қолдары босаса бірге серуендейді, той-думандарға барып би билейді, сыр ағытып қайтады. Иә, мұндай қос жүректері ұғысқан ғажап жандар өмірі екінің біріне өнеге десек, артық болмас.
Аялдамада автобус күтіп отырғандар әңгімені одан-бұдан қозғап отыр. Қасыма бейтаныс бір кісі келіп отыра кетті.
– Қай жердің жігіті боласың?
– Тасбөгеттегі Мұратбаев көшесінде тұрамын.
– Зейнеткерсің бе?
– Әлі үш жыл бар. Қалада бір мекемеде ағаш жонушымын. Есік, терезе істеймін. Жалақым 45 мың теңгедей, екі ұл, екі қызым бар. Екеуі студент, ақылы оқуда. Зайыбым үй шаруасында. Жұмыстан әлгі әзірде шықтым.
– Жақсы екен, үрім-бұтағың өсіп келеді екен, азаматым!
– Шүкір, шүкір, аға!
– Ал, өзіңіз қандай қызмет істейсіз? – деп бейтаныс кісі қарсы сұрақ қойды. Шешіліп сөйлеуге шықты.
– Зейнеткермін. Бірер жылда сексеннің төбесіне шыққалы тұрмын.
– Ағасы, әлі қуатты көрінесіз. Біз алпысқа жетпей діңкелеп қалдық, – деп әзіл қағыстырды.
Әңгімеміз жалғаса берді. Автобустан әлі хабар жоқ. Екеуара біраз әңгіменің басын шалдық.
– Отбасын құрған ұл-қыздарың бар болар, інім дей бергенімде:
– Ә, бұл сұрақ сәл ауырлау тиіп тұр. Бір ұлым жақында үйленді. Келінімнің екі көзі көрмейді. Балам осы қызға үйленем деп отырып алды. Үйленді. Қазір бірге тұрамыз. Сонау 1972 жылы салып алған төрт бөлмелі үй сәл-пәл тарлық қылғандай. Көңіл жарасса, бәрі кең ғой. Соғыс жылдарында корей, шешен ағайындарға бір бөлмемізді босатып берген бабаларымыз дей бергенде автобус келді. Бейтаныс жігіт Тасбөгет қонысына қарай аттанып кетті.
Мен келер автобусқа отырдым. Ұзақ ой үстінде келемін. Ұлы жақында үйленген, келінінің екі көзі көрмейді. Мұнда қандай сыр бар? Екі жастың қосылуы мені таңырқатумен болды. Бірер күннен соң қала іргесіндегі Тасбөгет қонысынан Қуаныш Қыпшақов атты жігіттің отбасын іздеуге шықтым. Мұратбаев көшесіндегі №71-ші үй екен. Аула ішіндегі бір бөлмеден станок дауысы естілді. Алдымнан бұдан бірер күн бұрынғы кездескен жігіт ұшырасты. Шағын бөлмеде ағаш жонып жатыр. Дереу жұмысын тастай салып, үйге қарай беттедік.
Алдымыздан енесі Жаңагүл, бұларға ілесе ұлы Мейіржан, келіні Сәуле шықты.
– Отау құрғандарың құтты болсын!
– Рахмет, аға! – деп Мейіржан Сәуле екеуі іле дастархан жайды.
– Ал, әңгімені айта отыр, жас отау иесі Мейіржан?
– Аға, мен биыл жиырма алтыдамын. Ата-анам қартайып келеді, несін жасырайын, нағыз келін жұмсайтын кезі. Қыздарға көз салып жүргенмін. Бірде досым Нұрлыбектің үйіне бардым. Әйелі Эльвираның қасында бір қыз шай ішіп отырды. Сымбаты келіскен. Біраз сыр ағытып отырдық. Өзін Сәуле деп таныстырды, ұялы телефонының нөмірін сұрадым, нөмірін берді. 
Содан Сәуле Эльвира құрбысына жиі келгіштеп жүрді. Мен де жиі келуге шықтым. Арада бірер ай өтті.
– Сәуле, өзіңмен қосылу ойымда бар, қалай қарайсың?
– Ой, Мейіржан-ай, менің екі көзім көрмейді ғой. Сенің отбасыңа салмақ түсіремін, саған да оңай тимейді.
– Жоқ, саған қосыламын. Отбасыммен ақылдастым, Сәуле! Мен сені сүйемін...
– Мені қинамашы, Мейіржан! Мендей мүгедек жанды қайтесің?
Осы сәтте Мейіржан көзінен жасты іркіп алды. Қарсы алдында тұрған Сәуленің қос жанарынан тамшылаған жас жігіт көкірегін жуып кетті. Қос ыстық құшақ от болып шарпылды. Мен сені сүйемін, – деген жігіт төс қалтасындағы орамалымен көз жасын тыя алмай ұзақ тұрды. Эльвира тағы да қос ғашықтың үмітін жалғастырып, өз үйінде кездесуге жиі жүздестіруге шықты. Ақыры келісудің сәті туды.
– Ата-анамның алдынан өтіп, батасын алайық. Ата-анаңның біздің отбасына келгенін қалар едім, – деген Сәуленің өтінішін құп алды Мейіржан. Келісу күні белгіленді.
Күздің шуақты күндерінің бірі еді.
Сәуленің отбасына күйеу жігіт Мейірхан Қуанышевтың ағайын-туыстары келді. Көшті аталас туғандары Нысан, Мүсілім, Аймағамбет, Зеріп, Тәрбие келді.
Екі жасқа ақ бата жауды. Ұзату тойының болар күні белгіленді. Сәуленің әкесі Сламбек педиатр дәрігер, анасы Анна терапевт-дәрігер еді. Тойды қаладағы «Түймекент» дәмханасында өткізуді ұйғарды. Сонымен той-думан жақсы өтті. Келер той Мейіржан Қуанышевтың отбасында жалғасты. Құдалар төс түйістірді, дәстүр-салт жоралғысын жасады. Ағайын-туыстың алақаны кең ғой, қоғадай жапырылып көмектесті.
Әлгі әзірде Мейіржан телефон шалды. Бүгін ағайын-туғандардың басын қосып, атасы Сламбек пен зайыбы Аннаны қонаққа шақырыпты.  Солармен дастархандас болудың маған да сәті түсті. Құрақтай ұшып, қонақтарды күтіп жүрген Мейіржан мен Сәуле тағы да қарша жауған көптің батасын алып, қол жайып тұрды.
Тағы да бас ию басталды. Адамдар неткен керемет еді!
Бұл күндері жас отбасылар тату-тәтті өмір сүруде. Алдағы армандары ұшан-теңіз. Жаңа пәтерден екі бөлмелі үй тисе, бір шаңырақ болып отырсақ дейді. Қуанышевтар әулетінде тағы бір той-думан кезек күтіп тұрған сыңайлы. Дүниеге жас сәби келер күн жақындай түскен тәрізді. Ал, бұған қуанбай көр. Қос жүрек – қос ғашық осы бір сәтті тағы да асыға күтіп отыр.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
Тасбөгет қонысы.

ҚОҒАМ 19 желтоксан 2013 г. 1 191 0