Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады. Дәуір жасампаздығы сенімді және серпінді дамуға байланысты. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде елдің әл-ауқаты көтеріліп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасалды. Бүгінде қай саланы алып қарасақ та ілгерілеу бар.
Тәуелсіздік– біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Соның арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді қайта оралттық. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық-салт дәстүрімізді жандандырдық. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан біз үшін ең қастерлі күн. Қазір қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Бұл – кез келген мемлекеттің жете бермейтін жетістігі.
Тарихи маңызы зор мемлекеттік мерекеге биыл 22 жыл толғалы отыр. Осы уақыт аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды халықаралық аренада жаңа деңгейге көтерді. Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделді. Ортақ Отанымыздың шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Жас мемлекетіміз тәуелсіздік алған жылдарда ЕҚЫҰ, ИЫҚ, ҰҚШҰ секілді іргелі ұйымдарға төрағалық етті.
Бүгінгі Қазақстан – әлемдік аренадан өз орнын ойып алған, Азия мен Еуразияны мойындата білген өжет елдің мекені. Қазақ мемлекеті өз тәуелсіздігін алғаннан бері әлемдік қауымдастықтың біразына мүше болды. Елдің абыройын, ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығын қорғайтын құжаттар мен шарттарға қол қойылды. Тәуелсіздік алып келген жетістік те, оң өзгерістер де мол. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі–еркіндік! Еліміздің еркін өміріндегі бүгінгі табыстарының бәрі де тәуелсіздіктің нәтижесі.
Ерлан СӘРСЕНБАЕВ,
Болашақ колледжі тарих пәнінің оқытушысы.