« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» облыстық қоғамдық кеңестің жер мәселесіне арналған кезекті отырысы өтті. Оған облыстық басқарма басшылары, депутаттар, қоғамдық кеңестің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктер, әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары, жергілікті жұртшылық және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Самұрат Имандосов Қазақстан Республикасы Президентінің Жер заңнамасының жекелеген нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы Жарлығына сәйкес жер реформасы бойынша комиссия құрылғанын және оның отырыстары өткенін айтып өтті. Сонымен бірге, соңғы отырыста жерді шетелдіктерге жалға беру керек пе, керек емес пе деген мәселе кеңінен талқыға салынып, әрқалай пікірлер болғанын жеткізді. Республикалық комиссияда инвестиция тарту үшін және ауыл шаруашылығын өркендету мақсатында жерді шетелдіктерге жалға беру керек деген ұсыныстар болған. Бірақ, инвестиция салушының жобасы жан-жақты талқылаудан өтіп, оның ауқымына қарап, жерді жалға беру мерзімін 10 жылға, болмаса 15 немесе 20 мен 25 жылға дейін созуға болатынын шешуі керек деген ұсыныстар айтылған. Кеңес төрағасы республикалық комиссияның мүшелері өздерінің аймақтарында кездесулер өткізіп, жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесі бойынша ой- пікірлерін тыңдау міндеттелгенін мәлімдеді.
Ең бірінші сөз алған Қазақстан саясаттанушылар конгресі республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Нұрхан Жәлиев еліміз тәуелсіздікке ие болып, нарықтық қатынастарға көшкеннен кейін жерді экономикалық айналымға шығарудың артықшылықтары мол екенін алға тартты.
– Жер – біздің байлығымыз. Оған өте мұқият қарауға тиіспіз. Егер шетелдіктерге жалға беретін болсақ, ондай жағдайда белгілі бір мерзім сайын жалға алушының қалай пайдаланып жатқанын зерттеп, зерделеп тұру қажет болады. Өз мақсатында пайдаланбаса, зиян келтіріп жатса, келісім-шартты бұзып, қайтып алу қажет, – деген ойын жеткізді. Ал «Алаш жолы қозғалысы» қоғамдық ұйымының мүшесі Әнуар Тәжібайұлы қазақ халқы тарихында жер жеке меншікте болмағанын айтты. Сондықтан, жерді жекеменшікке сатуға, сонымен бірге көрші мемлекеттерге жалға беруге болмайды деген ұстанымда қалатынын жеткізді.
Облыстық мәслихат депутаты Шәкизада Әбдікәрімов өткен ғасырларда қазақ байларының үлкен жайлаулары болғанын және оларды пайдалану дала демократиясы арқылы шешіліп отырғанын айтты. Сондықтан, қазақстандықтарға жерді пайдалану құқығын беру керек деген ойын ортаға салды.
«Қазақ тілі» қоғамы мүшесі Жалғасбек Аманов тарихта өзінің жері, мемлекеті болып, кейіннен бәрінен айырылып қалған ұлттар да бар екенін айтып, бұл мәселеде абай болу керектігіне тоқталды. Қала тұрғыны Ғани Әлиев біздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 20 пайызы ғана суармалы жерлер екеніне қатысушылардың назарын аударды. Осы құнарлы жерлер сатылып не жалға беріліп кетіп жатса, реніштер тууы мүмкін. Сол себепті, өз жерімізде экологиялық таза өнімдер өндіріп, оны шетке сатып, табыс табу жағын ойластырған абзал деген пікірін ортаға салды.
Кездесуде сондай-ақ «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Ысқақов, «Қазақстан коммунистік халық партиясы» облыстық комитетінің жетекшісі Талғат Телеубаев, қала тұрғыны Ерік Теңізбаев, жеке кәсіпкер Алмат Толығали және басқалар ой-пікірлерін ортаға салды.
Отырысты қорытқан С.Имандосов бүгінгі айтылған әртүрлі ұсыныс-пікірлердің орталық комиссияға жеткізілетінін мәлімдеді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |