Қазақ халқының әйел затына деген құрметі ерекше. Ұлтымыздың «қыз өссе – елдің көркі» деп, аруларға төрден орын сайлап, лайықты ілтипат көрсететіні, олардың тәрбиесіне жіті мән беретіні демократиялық құндылықтардың далалықтардың болмысымен бітеқайнасып кеткенінен хабар беріп тұр.
Қазақ елі тәуелсіздік алған тұста өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтыра отырып, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп шегеледі. Сондай-ақ, ҚР Конституциясының 14-бабында «Барлық адам заң мен сот алдында тең» екенін айқындады. Осылайша Қазақстан азаматтардың жынысы бойынша құқықтарының шектелуіне жол бермей, ұлт танымындағы нәзік жандыларға қатысты қалыптасқан қазық-қағидаларды заңға көшірді.
Ел Президенті Н.Назарбаев әйелдерге ерекше қамқорлық көрсетілуі керектігін үнемі еске салып отырады. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты тарихи Жолдауында «Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе» деп атап көрсетіп, «бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның тең құқылы мүшесі, ал ата – оның ең ардақты тұлғасы» екенін айтты.
Жалпы Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияға 1998 жылы ұсынылғаны белгілі. Содан бері аталған конвенцияны іске асырудың нақты шаралары қабылданып, ерлер мен әйелдердің іс жүзіндегі әлеуметтік теңдегіне қол жеткізу бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Оның дәлелі – Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы, «Ерлердің және әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заңдар қабылданып, бұл бағытта бірқатар өзге де маңызды қадамдар жасалды.
ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес әйелдерді кемсіту қылмыстық жазаға тартуға негіз болатын әрекет ретінде бағаланады. Дегенмен, тәжірибеде әйел затын жынысы бойынша кемсіту фактілерінің белең алмағанын байқаймыз. Әлбетте, өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінген әйелдің іс жүргізу құқықтарын жүзеге асыруда қысым көрген кезі жоқ.
Ескеретін жайт, әкімшілік және қылмыстық сот жүргізуде әйелдерге қатысты бірқатар жеңілдетілген нормалар белгіленген. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 55-бабына сәйкес әкімшілік жаза жүкті әйелдерге және балалары он төрт жасқа толмаған әйелдерге қолданылмайды. Ал аталған Кодекстің 61-бабында жүкті немесе үш жасқа дейінгі баласы бар әйел адам әкімшілік құқық бұзған жағдайда жауапқа тартудың жеңілдетілген түрі қарастырылған. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 48, 49-баптарына сәйкес өмірлік бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы сияқты қылмыстық жазаның ең ауыр түрлері әйелдерге тағайындалмайды.
Жоғарыда көрсетілген жеңілдіктердің барлығы шындап келгенде әйел затының мүддесіне лайықталып жасалғаны анық. Бірақ, бұл осы бағыттағы атқарылып жатқан істердің бір парасы ғана деп қабылдаған орынды. Себебі, елімізде әйелдерді саяси және экономикалық ілгерілету, олардың денсаулығын сақтау, отбасылық қатынастарда гендерлік теңдікке қол жеткізу және т.б. принциптер негізінде бағдарлы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді.
Д.АЙСЫНОВ,
Қызылорда қалалық сотының жетекші маманы.