ӘЛЕМ ТАНЫҒАН АСТАНА

ӘЛЕМ ТАНЫҒАН АСТАНАӘр елдің болашақ тағдырын айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Сондай кезеңдердің бірі – астанамыздың Сарыарқа төсіне ауысқан тұсы. Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, еліміз үшін жаңа тарихтың басталғаны белгілі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үлкен мақсаттарды алға қойды. Осы тұста Елбасының көкірегінде қайнап піскен, Елорданы Ақмолаға көшіру туралы  идеясы да сол үлкен мақсаттардың бірегейі еді. Десек те, Елбасы бас қаланы Ақмолаға көшіру туралы бұл идеясы салған жерден іске асты деуге болмайды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әлі де оңала қоймаған тұсында астананы ауыстыру бастамасы қоғамнан бірден қолдау таппады. Бірақ Елбасының табандылығының арқасында ешбір кедергіге, кейбіреулердің күдіктеріне қарамастан Арқа төсінде әсем шаһар бой көтерді. Бүгінде «Елбасы. Тәуелсіздік. Астана» ұғымдары бір-бірімен қабысып кетті. 
Жаңа Астана ұлттық идеяның ұйытқысына айналды. Астана Астана болған осынау жылдар ішінде қазақи болмысымызды, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді жалпақ жұртқа паш етті. Қазақтың киелі төрі адамзат баласын бейбітшілік пен келісімге, түсіністік пен толеранттылыққа үндейтін әлемдік шаралардың орталығы болды. Сөйтіп, Есілдің жағасында, Сарыарқаның төсінде, інжу-маржандай Ақ Орда мен Бәйтеректі ұлықтаған Астана «Әлем қаласы» атанып, көркімен де, көлемімен де, келбетімен де төрткүл дүниені мойындатты. Бүгінде еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Астанаға мақтанышпен қарайды, оны елдігіміздің, мемлекеттігіміздің нышанындай қабылдайды. 
1994 жылдың 6 шілдесінде ҚР Жоғарғы Кеңесі сессиясында Президент ең алғаш рет еліміздің астанасын басқа қалаға ауыстыру туралы нақты идеясын ұсынды. Осы бір кезең туралы естеліктердің бірі былай дейді:
«Астананы көшіруді Қазақстанның жаңа талпынысының бір белгісі деп қарадым. Қаныш Сәтбаевтың айтқан сөзін де ескердім. Кейбір ақпарат құралдарына ұсыныс жасадым: «Осыны айтайықшы, жазайықшы, ел не дер екен?» деп. Әуелде ел онша елеңдей қоймады. Депутаттармен де сөйлестім. Олар да қозғала қоймады. Алматыға қарасақ, жағдай анау. Таудың қуысына сыймай отырған қала, қыс ауасы көк түтін. Былай қарай шығайын десең, Қаскелеңге тірелесің, мына жағында Талғар. Баяғыда Ақмешіттен көшіп келгенде Іленің бойына жаңа қала салмақ болған, вокзалының орнына дейін бар. Өте жақсы идея, бірақ жүзеге аспай қалған.  Сонан болашақ астана бола алатын жерлерді қарастыра бастадым. Ел ортасы – Жезқазған. Жер жағдайы онша емес. Қарағандыны да, Көкшетауды да қарадық, айналып келгенде Есілдің бойында тұрған баяғы Геродот айтатын Батыстан Шығысқа баратын жолдың бойында жатқан Ақмолаға тоқтадық».
Астананы Алматыдан Арқа төсіне ауыстыру Қазақстанның тәуелсіз ел болғалы тұңғыш рет өз бетінше жасаған батыл шешімі болатын. Сонысымен де ол құнды еді. Бүгінде тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күре тамырында бой көтерген Астана Елбасының бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың  бірі екеніне ешкім дау айта алмайды. 
Ұлттық тарихымызда Арқа Әз Тәуке ханның жаз жайлауы болғаны айтылады. Біздің батырларымыз бен шешендеріміз, билеріміз бен хандарымыз Ақмола төңірегінде Ұлытауда, Қарқаралыда, Қараөткелде жиі-жиі бас қосып, азаттық үшін ұлы күресте елді болашаққа бастаған. Сондай-ақ, ХХ ғасырдың 50-жылдары ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев Ғылым Академиясының ғимаратын Ақмолада салу туралы батыл пікір білдірген. 
Қалада 1995 жылдың аяғынан бастап жаңа астананы тұрғызу жолында үлкен жұмыстар басталып кетті. Ақмоланың негізгі бөлігі Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан болатын. Ал жаңа құрылыс Есілдің сол жағалауында жүргізіле бастады. Бұл ТМД аумағында бұрын-соңды болмаған алып құрылыс алаңы болды. Қаланың бас жоспарын жасауға Президенттің басшылығымен әлемдік сәулет өнерінің атақты шеберлері қатысты. Олар – әлемге әйгілі жапон суретшісі Кисе Курокава, қазіргі заманның ұлы сәулетшісі ағылшын Норман Фостер, итальяндық шеберлер – Манфреди Николетти мен Максимильян Фуксас еді.
Бас қаланың тарихындағы айтулы күндер ел есінде мәңгі қалды. 1997 жылы 20 қазанда Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Сол жылы жаңа астанаға еліміздің рәміздерін көшірудің салтанатты рәсімі өтті. Астанада бірінші ашылған ескерткіштің саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнаулы халқымыздың өткенге салауат, ертеңге аманат айтатын дәстүрін ұлықтады. 1998 жылдың 6 мамырында Президенттің «Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлығы шықты. 1998 жылы 10 маусымында жаңа астананың тұсауы кесілді. 
Міне, содан бері бұл қала заманауи тұрпатты, сән-салтанаты келіскен ғажайып шаһарға айналды. Күн санап көркейген Астана еліміздегі экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына ғана емес, сонымен қатар, халқымыздың мәдени өмірінің темірқазығына айнала бастады.  Мәселен, ғасырлар тоғысында дүниеге келген елордада 1996 жылы Елбасы өзінің жеке бастамасымен Еуразия ұлттық университетін ашты.  Оған ХХ ғасырдың белгілі түріктанушы ғалымы Лев Николаевич Гумилевтің есімі беріліп, білім ордасына қазіргі заманға сай білім беретін, еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы болу міндеті жүктелді. Бүгінде аталған білім ордасы сол үдеден көрініп келеді. 
Ал, 1997 жылы атауы «Конгресс  Холл» деп өзгертілген Тыңгерлер сарайы бүгінде заманауи концерттік зал ғана емес, сондай-ақ, Астана қаласының басты мәдениет орталығының бірі болып саналады. Онда өткізілетін шаралар Қазақстанның жас елордасының мәдени, саяси өмірінің қалыптасу іргетасы ретінде тарихқа еніп отырады. Мысалы, 1999 жылғы Елбасын ұлықтау рәсімі, Рим папасының Астанаға сапары, Қазақстан Республикасы Президентінің алыс және таяу шетел басшыларымен кездесулері – осы оқиғалардың бәрі Конгресс-Холдың тарихына тайға таңба басқандай етіп із қалдыруда. 
Астана Астана болған осынау жылдар ішінде Елордада көрген жанды қайран қалдыратын көптеген мәдени ескерткіштер, ғимараттар бой көтерді. Атап айтқанда, «Астана-Бәйтерек» монументі, «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Хан шатыр» ірі сауда-ойын-сауық орталығы, «Нұр Астана» мешіті бүгінде барша қазақстандықтар мақтанышы десек, артық айтқандық емес. 1999 жылдың шілдесінде Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды. 
Жаңа астана көркеюімен қатар, жоғарыда айтып өткеніміздей, оның саяси-мәдени салмағы да арта түсті. Елорда түрлі саяси-экономикалық, мәдени-көпшілік шаралардың алып алаңына айналды. Мәселен, Астанада өткен Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымының VІІ саммиті ел тарихындағы аса маңызды оқиға болды.  Қазақ тарихында өз жеріне осыншама мемлекеттің өкілін жинаған емес. Астана саммитіне әлемнің 73 мемлекеті өз делегацияларын жіберді. Сонымен бірге, әлемдік беделді ұйымдар БҰҰ, Еуроодақ, ТМД, ЕВРАЗ Еуропадағы, ШЫҰ, ОДКД сияқты ұйымдардың басшылары мен өкілдері қатысты. ЕЫҚҰ саммитінің Астанадағы жұмысы туралы ақпаратты әлем жұртшылығы жылдам түрде баспасөз орталығы арқылы біліп отырды. 1200 журналистің 500-ге жуығы шетелдік журналист болды. Әлем халқы Астана саммитінен кейін Елорданы жер шарының маңызды қалалары: Хельсинки, Париж, Будапешт, Лисса-бон, Ыстамбұл сияқты қалаларының қатарына қоятын болды. 
Ал, 2003 жылы Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезі де төл тарихымызда айрықша аталатыны белгілі. Съез қатысушылары құрамының көрнекілігі мен жоғары деңгейлігі конфессияаралық форум өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жүзеге асуының даусыз табысына айналды. 
Қазақстанның қос қаласы Алматы мен Астананың абыройын асқақтатып, қазақ ұлтын айдай әлемге паш еткен шараның бірі – 2011 жылы өткен VІІ Қысқы Азиада ойындары еді. Бұл шара біздің ел тарихындағы халықаралық деңгейдегі ең маңызды әрі ірі спорттық оқиғаға айналды. Азиада ойындарына арналып республиканың негізгі екі қаласында бірегей спорттық нысандар салынды. VІІ Қысқы Азиада ойындарына әлемнің 27 елінен мыңнан астам спортшы қатысты. Барлығы 69 медаль жиынтығы додаға түсті. Қазақстан осы қысқы Азиадада алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартты және жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. 
Жалпы алғанда, VІІ Қысқы Азиада ойындары Қазақстанның бейбітшілік пен келісім елі, азиялық және әлемдік спортта жетекші орталықтардың бірі ретінде халықаралық аренадағы беделінің арта түскенінің тағы бір дәлелі болды. 
Еліміздің әлемді мойындатқан жеңістері мұнымен де шектелмейді. Мәселен, «ЕХРО-2017» көрмесін өткізуді қанжығасына байлаған Қазақстан өзінің мүмкіншіліктерін күллі әлемге тағы бір рет айғақтады. Дүниежүзілік көрме Қазақстанның атын шартарапқа танытып қана қоймайды, сонымен бірге ол жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. 103 мемлекеттің қазақты қолдап, дауыс беруі, елдің осы жылдарда жеткен жетістігіне берілген бағасы еді. 2017 жылы бұл тойға 5 миллионға жуық шетелдік қонақ келеді деп күтілуде. Ендеше, бұл еліміздің туризм саласы дамуына да өз әсерін тигізеді деген сөз. Ең бастысы бұл тәуелсіз елімізді жарқын болашаққа бастар жол деп білеміз. 
Жалпы, Астана – халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Президенттің перзентіндей болған Астанаға Елбасының идеялық еңбегі ғана сіңген жоқ, қаланы жасыл желекке көмкерген бас бағбаны да, ажарын сәнді еткен бас сәулетшісі де Мемлекет басшысы болды. Сондықтан да Елбасы мен елорда және тәуелсіздік ұғымдары бөліп-жаруға келмейтін тұтас ұғым. Ендеше, уақыттан оза шапқан бүгінгі Астана тәуелсіздігіміздің бойтұмары, біртұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі, арманы мен тілегінің кепілі екені даусыз.
Айнұр БАТТАЛОВА.

ҚОҒАМ 16 желтоксан 2013 г. 3 307 0