БАНК КЛИЕНТТЕРІНЕ 600 ПӘТЕР ТАПСЫРЫЛАДЫ

Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар орталығында "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айзат Ізтілеуова БАҚ өкілдерімен кездесті.

 

– Былтыр доллар бағамы көтерілгеннен кейін Елбасы тапсырмасына сәйкес барлық салымшыларға өтемақы төлеу тетіктері қарастырылуда, – деді Айзат Өмірзаққызы. Өтемақы төлемі мемлекеттік бюджет қаражатынан және банктің меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Арыз қабылдау электронды санды қолтаңбамен қол қою арқылы жүргізіледі. Яғни, электронды үкіметтік www.egov.kz интернет порталы және банктің интернет ресурсында www.hcsbk.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Немесе банк ғимаратына жеке басты куәландыратын құжатымен келуі тиіс. Егер салым 2015 жылғы 18 тамызға дейін берілген тұрғын үй, алдын ала тұрғын үй және аралық тұрғын үй заемдары бойынша қамтамасыз етуде тұрса, баспананы сатып алу-сату шарттары немесе мемлекеттік бағдарлама аясында кейіннен сатып алумен жалға алу шарты өңірлік тұрғын үй бағдарламалары аясында жасалса, сондай-ақ банктің ішкі құжаттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, белгіленген мерзім аясында қосымша қол қойылмаған жағдайда ТҚЖ салымына өтемақы төленбейді. 2016 жылдың 8 ақпанынан басталған тұрғын үй құрылыс жинақ шарттарына жасалатын қосымша келісімге қол қою 1 маусымға дейін жалғасады.

Үстіміздегі жылдың соңына дейін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” клиенттері үшін 40 мың шаршы метр болатын 600 пәтердің кілті табыс етіледі деп жоспарланып отыр. Ол үшін облыс әкімдігі, банк, құрылыс компаниясы өкілдері арасында үшжақты өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” жаңа "Өз үйім” бағдарламасы алғаш Қызылорда облысында басталды.

Бұл бағдарлама бойынша "Сырдария” шағын ауданында жалпы аумағы 6700 шаршы метрді құрайтын 100 пәтерлік 2 тұрғын үй және 33000 шаршы метрлік 10 тұрғын үй "Арай-3” шағын ауданында өз құрылысын бастады. Тұрғын үйлердің барлығына да банк салымшылары қоныстанатын болады. Сату бағасы үйдің бір шаршы метрі үшін 140 мың теңге деп жоспарлануда. Екі бөлмелі пәтер құны 8106000 теңге, 3 бөлме 10150000 теңгені құрайды. 2016 жылға барлық бағыттағы бағдарламалар бойынша 350 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Ал "Өз үйім” бағдарламасы аясында 2022 жылға дейін 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады деп жоспарлануда.

Мемлекеттік "Өңірлерді дамыту – 2020” бағдарламасы аясында қаладағы Жаппасбай батыр көшесі бойында көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы басталды. Банктің кез келген салымшысы қаражатын жинақ шотында үздіксіз құйып, баспана құнының 50 пайызын жинақтаса, соңғы 5 жылда атында үй болмаса мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алуға мүмкіндігі бар.

Тағы бір басты жаңалық мамыр айында "Екінші шарт екі есе арзан” атты науқан басталады. Отбасы мүшелерінің бірінде жинақ шоты болса, отбасының кез келген мүшесі жинақ шотты 50 пайыздық жеңілдікпен ашады.

Брифинг соңында Айзат Ізтілеуова журналистердің сауалдарына тұшымды жауап қайтарды.

ҚОҒАМ 11 мамыр 2016 г. 820 0