ЕЛДІГІМІЗ ҮШІН САБЫР ЕТЕЙІК

Қай кезде болса да жаңа­шылдық пен етіміз үйренген ескіліктің тайталаста жүретіні өмір заңы. Қоғамдаболып жатқан жағдайларды жан-жақты түсінуден гөрі бар кінәні бас-көзсіз өзгерістерге жаба салу әрқашанда кездесіп тұрады.

Қаламызда өткен жерге қатысты көзқарасты, пікірді ортаға салу үшін жиналған қауымның іс-әрекетін осы мағынада түсінемін.

Қазақ үшін жер өте өткір та­қырып. Конституцияның өзі «Байырғы Қазақ жерінде ....», деп басталады. Астымдағы атым­­­ды алсаң да, жерде хақың болмасын деп тәрбиеленген Ұлы Даланың ұрпағымыз. Жи­­нал­ған адамдардың кейбір ұсы­­ныстары осыбағытта болды.

«Заң қабылдарда неге ха­лықпен кеңеспеді? Неге жер­ді саудаға салуға мәжбүр бол­дық? Осындай әрекетке бармай-ақ күн көріп жатырмыз ғой... Жерді жалға алатын шетелдіктерге квота бола ма? Кейін оларды елден шығара алмай қалмаймыз ба? Қытай қаптамай ма? Әділдік,теңдік керек» деген сипаттағы қойылғансұрақтар. Қойылған сұрақтардың жауаптарына ешкім құлақ аспайды. Тыңдауға төзім, сабырлылық жетпей жатты. Жиналғандар бір-бірін түсінбей әлек.

Халқымыздың заңғар жазушысы, аузы дуалы қай­раткеріміз Әбіш Кекілбайұлы «Бүгінгі отаншылдық – төзім, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі елдік – тыныштық», – деп жазған екен. Қазақтың ата-баба жеріне иелігі оның елдігімен көрініс табады. Шынына келсек, көкейімізді тесіп жүрген әділдік те, теңдік те азат еліміз барда ғана орнайды. Азаттықтың тірегі бірлік пен тыныштық. Оны сақтау үшін жүйелі сөзге тоқтай білер жұрт болуы тиіс. Ақыл айтқансып, білгішсініп, өкпе-назын ұлттық мүддеден жоғары қойып, елге іріткі салу секілді әрекеттерді салиқалықпен бағамдай алатын жұрт керек. Ақылды сөз айтқандардың бәрін ақылды деу, қолына балта ұстағанның бәрін ұста екен деп ойлаумен бірдей. Ақымақтың берген ақылы қажетсіз нәрсеге ұрындыратыны ақылды адамға белгілі. Кешегі жиналған азаматтардың көбісі әуелгіде ел, жер деп сөйлесе, арты жекешаруасына ауысты. Өзіңді ойлау дұрыс, дегенмен, өзіңді елден жоғары қою қисынсыз. Өз пікіріңмен үйлесе қоймаған жағдайларға бола өз еліңді өзегінен теуіп, ұшпаққа жете алмасымыз да айдан анық. Оның үстіне «олай болыпты, былай болыпты, органдар заңсыз қамауда» деген әртүрлі арандату ақпараттар да таратылды. Мұны халықты жалған жолға салу деп қабылдаймын.

Сонымен қатар, үкіметтік мекемелер де жалпы халық мүддесіне қатысты қабылдарда жан-жақты сараптап, елмен ойласып атқарғаны дұрыс деген кешегі жұрттың пікірін қостаймын. Өкпе-реніш, көңілдегі кірбің біртіндеп ашу-ызаға айналады. Осы жерде Мұхтар Әуезовтің «Халық сойыл соғысқанда бірге болады, бөліске келгенде құм асайды» деген сөзі есіме түсіп отыр. Ойланбай қабылданған шешім үшін қарсылық білдіруге жұрт бірігемін десе оған саяси ұйымның, оппозицияның қажеті жоқ екенін көрдік. «Ашу тасыса, ақыл төгілер» деген сөз осыдан шыққан болар.

Ал ақылды ашуға жеңдір­геннен шаңырақ шайқалса, келер ұрпақ алдында билік те, халық та айықпас айыпты болады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевәрбір мәселе жөнінде түсін­діру жетпей жатқанын бекер айтып жүрген жоқ. Заңның іске асуына қажетті нормативтік құжаттарды дайындау барысында елден түскен барлық ұсыныстарды зерделей отырып, ескеруіміз керек. Әрбір іс-қимылымыздың құқықтық жауапкершілігін нақтылау қажет. Халық «бүгінгі биліктің шешіміне біршама уақыттан кейінгі билік өкілдері кепілдік бере ала ма?» деген сұрақтардың жауабының нақты болғанын сұрауда. Егер қажетболса, заңның күшіне ену уақытын өзгерту туралы ұсынысты ескеру керек шығар. Бәрі уақыт еншісінде. Ол үшін сары алтындай сабыр, сенім керек. Халық пен билік арасындағы өзара сенім ғана тұрақтылықтың кепілі.

 

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

облыстық мәслихат хатшысы.

ҚОҒАМ 04 мамыр 2016 г. 1 135 0