Мемлекеттік тіл бүгінде ұлтты ұйыстыру мен біріктірудің басты құралына айналып отыр. Оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Облысымызда бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, әлі де мемлекеттік тілдің құжаттар айналымындағы рөлін күшейтуде жасалатын жұмыстар бар. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Оған облыстық және аумақтық басқарма басшылары мен орталық қызметкерлері, тіл жанашырлары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ержан Уәйіс тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2013 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірімізде орындалу барысы туралы баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, бағдарламаны іске асыруға облыстық бюджеттен биыл 14,2 млн. теңге қаржы бөлінсе, оның 9 млн. теңгеден астамы мемлекеттік тілді оқыту курстарын жүргізуге жұмсалған. Басқарма басшысы екі жыл ішінде республикалық түрлі байқаулардан сырбойылықтардың бірнеше жүлдеге ие болғанын айтты. «Басқарма бастамасымен облыстық әділет, ішкі істер департаменттері, көші-қон полициясы басқармасының қолдауымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тегіміз бен аты-жөнімізді мемлекеттік тілде жазуды көпшілікке насихаттау мақсатында «Ата-тек – ата-баба аманаты» атты акция жарияланып, есім қоюға байланысты жарнамалық құралдар АХАТ бөлімдеріне, перзентханаларға таратылды. Сөйлеу мәдениетін жетілдіру, жастарды сөз өнерін білуге баулу, оларды көшбасшылыққа үйрету мақсатында тілдерді оқытудың өңірлік орталығы жанынан «Шешендік өнер және тіл мәдениеті» үйірмесі жұмыс жасауда. Мемлекеттік органдарда әзірленетін іс қағаздардың мемлекеттік тілдегі үлесі жүйелі түрде артып келеді»,–деді Е.Уәйіс.
Жұмыс тобының отырысында қаралған екінші мәселе Қазтест бағдарламасы бойынша сынақ тапсыруға дайындық жұмыстарының жүргізілу жайы болды. Бұл туралы тілдерді оқытудың өңірлік орталығының директоры Нұрсәуле Мұсаева баяндама жасады. Қазтест жүйесінің тұжырымдамасы 2008 жылғы Үкімет қаулысымен бекітілді. Бес жыл ішінде орталықтан мемлекеттік тапсырыс есебінен 1232 тыңдаушы оқу курстарынан өткен. 2011-2013 жылдар аралығына Қазтест жүйесі бойынша тест өткізу мониторингі жасалды. Мұнда Қазтест Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы арқылы 2756 азамат тесттен өткен болса, орталық арқылы 2205 адам өтті.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары мемлекеттік тілді оқыту мәселесін әлі де жетілдіре түсу керектігін айтты. Тілге байланысты ғаламтор арқылы олимпиадалар өткізуді қолға алу қажеттігіне баса назар аударды. Соңында А. Әлназарова «Халықаралық «Қазақ тілі» ұйымы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсатовты «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталуына орай құттықтады. Сондай-ақ, Тәуелсіздік күніне орай өткізілген «Ең үздік қазақ тілді мекеме» байқауының жеңімпаздары анықталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.