«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасынан ұлттық идеологиямызды қалыптастыратын бірегей тарихымызды жазу туралы тапсырма алған осы ғылым төңірегіндегі азаматтар жан-жақты зерттеу жүргізіп, халқымыздың мыңжылдықтар бойындағы тарихи жадын қалпына келтіру үшін дәйекті деректерді Қытайдан басқа да ежелгі мұрағаты бар елдерден іздестіруде. Дегенмен, XX ғасыр ақтаңдақтарын ашып көрсетуге, талдап, біріздендіруге Қазақстанның, оның ішінде Қызылорда облысы мұрағаттарының ақпараттық әлеуеті жеткілікті. Сол себепті, биылғы жылы 27 қыркүйекте Арал аудандық мұрағатының құрылғанына 50 жыл толуына орай тарихи деректерге толы аудан мұрағаты қорына ғалымдардың назарын аудару мақсатында «Әлем таныған Арал тарихы – мұрағат қорында» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция кең көлемде аталып өтті.
Мәдениет үйі фойесінде қойылған 1734-2001 жылдар аралығын қамтитын құжаттар көрмесінде аудандық мұрағат қорында сақталатын Арал флотилиясы, азамат соғысы, Арал пароходшылығы туралы деректер, балық комбинатының, кеме жөндеу және Арал судоверфь зауыттарының, Барсакелмес қорығының бірқатар құжаттары көпшіліктің назарына ұсынылды. Мұнан соң мәжіліс залында жалғасқан кеңесте Аралдың ежелгі тарихы, теңіздің құрғау-қайта қалпына келу теориясы, мұрағат жұмысының отандық тарихты жаңғыртудағы және өлкетану бағытын жандандырудағы рөлі, Арал бассейнінде балық шаруашылығының дамуы және т.б. тақырыптарда аса қызықты баяндамалар тыңдалды.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған аудандық мұрағат директоры Б.Қуатов өз баяндамасында Арал мұрағатында сақталатын тарихи құнды құжаттар мазмұнына шолу жасап, таныстырды, сондай-ақ, шынайы патриоттық тәрбие өзіңнің, өз ата-бабаңның, өзің туған ауылың мен өлкеңнің өткенін біліп, келешегіне алаңдаудан басталатынын айтып, ұзақ жылдар ашылмай үн-түнсіз жатқан осынау мол деректер мектептерде тарих пәні арқылы оқытылса деген тілегін білдірді.
Мұнан соң сөз алған тарихшы-ғалым, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі Н.Мыңжасов өз баяндамасында тарихи өлкетануды жандандырып, Отан тарихының біртұтас жаңа келбетін түзудің маңыздылығына тоқталды. Өлкетанудың дереккөзі ретінде мұрағат материалдарымен жұмыс жасауға талаптың айрықша артатыны белгілі. Ал, мұрағат деректерін сөйлете білуде және ол дереккөздерін көпшіліктің еркін пайдалануына беруде мемлекеттің рөлі ерекше.
«Аралдың ежелгі тарихы – ұлттық өркендеудің қайнар көзі» тақырыбындағы баяндамасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Арал ауданының Құрметті азаматы Б.Ұзақбаев біздің жыл санауымызға дейінгі Аралға саяхат жасап, төмендегідей деректерді келтірді:
«...Кешеге дейін тарихшыларымыз Кердері қаласының Арал аймағында болғанын білсе де, соның орнын дәл көрсете алмай, теңіз жағалауынан түртінектеп іздеумен болды. Бұл сыр теңіз суы қайтқаннан кейін ашылып, байырғы орналасқан жері анықталды. Сырдарияның теңізге құяр сағасынан 40-45 шақырымдай алыс, теңіз қойнауына сұғынып ішкері кіріп жатыр екен. Сол адамзатқа белгілі қаланың орны, ондағы архитектуралық сәулетті мазарлардың қалдық сынығы рухани өсуге себепші жәдігерлер екенін дәлелдеп, Кердері мәдениетінің жұмбақ сырларын ашты. Мұнда бір кезде тарихи шежірелер мен жырларда айтылатын Рүстем батыр патшаның болғанын, оның бойының екі метрден ұзын екені, басының үлкендігі шәугімнің көлемінен кем емес екені баяндалатын. Мазар жанындағы жерленген қабырдан бойы мен басының көлемі осыған ұқсас адамның қаңқасы табылды. Қабырына түрлі тұрмыстық бұйымдар салынып, сән-салтанатты жағдайда бірге қосып жерленгені айғақталды. Кез келген жанды бұлай жер қойнына тапсырып, жерлемейтіні белгілі. Рүстем атамыздың сүйегі осы ма деген болжам бар...»
Бала кезінен көз алдында кеуіп бара жатқан теңіз тағдырына, теңізден несібесін терген ел тағдырына алаңдап өсіп, Арал проблемасына қоғам мен биліктің назарын аударуға атсалысқан публицист-эколог Сайлаубай Жұбатырұлы мен ұзақ жылдар экология департаментін басқарып, Арал өңірінің экологиялық ахуалын көтеруге тікелей араласқан зерттеуші-эколог Қуанышқали Шапшаңовтың баяндамаларында Арал теңізінің келешегіне қатысты оптимистік көзқарас аңғарылады. С.Жұбатыров Кіші Аралды сақтап қалу жобасы төңірегінде әңгімелесе, Қ.Шапшаңов: «...ХІХ ғасырдың 30-жылдарында Қазан университетінің профессоры, атақты зоолог Э.А Эверсманның осы аймақты сипаттауына тоқталды. Ғалым сол кездің өзінде теңіздің құрғауы жөнінде болжам айтқан. Осы жерде айта кететін бір нәрсе: соңғы жылдары ғалымдар (проф. Ю.В.Новиков) Арал теңізі 9 рет жер бетінен жойылып, сонша рет қалпына келгенін ғылыми негіздеп, зерттеу үстінде.
...1900-1902 жылдары экспедиция кезінде Л.С.Бергтің зерттеуінше, 1820 жылдан басталған теңіз деңгейінің төмендеуі 60 жылға созылған. Одан кейін 1880 жылдан бастап теңіз қайтадан көтеріле бастаған, сөйтіп 1908 жылы, яғни теңіз деңгейі төмендей бастағаннан 88 жыл кейін Арал қалпына келген. Осы деректерге сүйеніп, Л.С.Берг Орта Азия мен Арал теңізінің құрғау теориясын жоққа шығарады.
Баяндамашы «...1960-шы жылдардың екінші жартысында басталған Арал деңгейінің төмендеуіне қазір 50 жылдан астам уақыт өтті. Жоғарыда айтқан табиғи құбылыстың заңдылығы бойынша теңіздің көтеріле бастауы 2030 жылы, ал Аралдың қалпына келуі 2045 - 2050 жылдары болады деп жобалауымыз керек...», – деген аса қызықты мәліметтер келтірді.
Конференция соңында отандық тарихты жаңғыртуда өлкетану ісін дамытудың маңыздылығы, шынайы тарих ғылымы мұрағаттық ақпаратқа негізделетіні, сондай-ақ, Арал аудандық мұрағаты қорының тың әрі құнды деректерге бай екендігі атап көрсетіліп, Арал теңізі тарихын жинақтауға арнайы қор ашу, маңызды оқиғаларға байланысты жекелеген азаматтардың естеліктерін мұрағатқа жинақтау тәжірибесін енгізу, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен өлкетану тақырыбына бірлескен кешенді ғылыми жоба әзірлеу және оны облыс әкімдігіне қаржыландыруға ұсыну және т.б. бірқатар маңызды ұсынымдар қабылданды. Сондықтан, осы бағыттағы зерттеу жұмыстары алда да жалғасын табады деген ойдамыз.
Ғ.ЖАРҚЫНБАЕВ,
облыстық мұрағаттар мен құжаттама басқармасының басшысы.