Сот-сараптамасы десек, телефильмдердегі «детективтердің» жұмысын жеделдететін, сауатты да логикалы зерттеулер жасайтын, тіпті демалып отырғанда да ой мен зерттеудің құшағында жүретін сот-экспертизасы маманы көз алдыңа келеді. Сот-сараптамасы – әлем елдерінің барлығында өз орны бар, ғылыми негізге сүйенетін, үлкен жауапкершілікті талап ететін салмақты сала. Сараптаманың түрлері де көп. Мәселен, сот-экономикалық сараптама меншікке қарсы, сыбайлас жемқорлық, экономика саласындағы қылмыстар, сондай-ақ коммерциялық және басқа ұйымдардағы қызмет мүдделеріне қарсы жасалған жайттарды ашуда кеңінен қолданылады. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын ашуда зерттеуді қажет ететін айғақты заттың бірі – құжаттар. Құжаттар қылмыс оқиғасының құнды ақпарат көзі болып табылады. Нақты мәліметтерге «фототехникалық, бейнефонографиялық» сараптамалар сот-техникалық зерттеу деп аталады. Мұнда сарапшы құжаттың дайындалу тәсілін, оны өзгерту фактісі мен әдісін, көзге көрінбейтін және нашар көрінетін реквизиттер мазмұнын, құжаттың бастапқы түрін анықтайды.
Сот сараптамасын құқық қорғау органдары; ҰҚК, сот, прокуратура, кеден, әділет саласы мамандары, сонымен бірге облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің сараптама жүргізуді жүктейтін қаулысына сәйкес, істің нәтижесіне мүдделі емес, арнаулы ғылыми білім-білігі бар сот сарапшысы жүргізеді. Сот сараптамасын тағайындауға тергеушінің қаулысы немесе соттың ұйғарымы негіз болып табылады.
Бахытбек Ержанов басшылық етіп отырған Әділет министрлігі Сот-сараптама орталығының Қызылорда филиалында сот сараптамасының 32 түрі бойынша 28 сарапшы маман еңбек етуде. Мұнда облыс бойынша 3000-нан аса қаулымен берілген әр түрлі сот-сараптамалық тағайындаулар келіп түседі десек, оның 70-і өрт-техникалық сот-сараптамасы болып табылады. Өрт-техникалық және жарылыс техникалық сот-сараптамасын арнайы біліктілігі бар бас сарапшы Серік Молжанов жүргізіп келеді. Ол шыдамдылықты, ұқыптылықты, зерделеуді талап ететін осы бір жауапкершілігі мол салада 1997 жылдан бері қызмет жасайды. Оның тікелей қатысуымен көптеген резонансты мәселелер қаралып, сараптама қорытындысы шығарылуда. Оған қоса, өрт-техникалық оқиғалар орын алған кезеңде бірнеше бағытта сараптама жасалады. Олар арнайы химиялық заттарды сот-сараптамалық зерттеу, сот-құрылыс сараптамасы, тауартану және автотауар сараптамасы. Арнайы химиялық заттарды сот-сарапшылық зерттеу - пара алу, алаяқтық, бопсалау, есірткі құралдарын заңсыз тарату, пара беру және экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарға қатысты айғақтық заттарға сараптама жүргізуге арналған. Сараптаманың бұл түрі бойынша тәжірибелі сарапшылар Р.Ибраева, Л.Ширданова, Г.Тәжібековалар еңбек етуде. Сот құрылыс сараптамасында ғимараттар мен имараттарға сот-сарапшылық құрылыс-экономикалық және сот-сарапшылық құрылыс-техникалық зерттеулер жүргізілуде. Қазір құрылыс-техникалық сараптамасы үлкен сұранысқа ие болып отыр. Жұмыс жүктемесінің ауқымдылығына қарамастан, оны құрылыс саласында тәжірибесі мол бас сарапшылар Б.Данияров, Ю.Хван, Б.Дайрабаевтар сүзгіден өткізсе, тауартану сараптамасына Ә.Достанова, Ж.Кішкенбаева, автотауар сараптамасына Б.Әлиакбаров, С.Жеңсікбаев сарапшылық жасайды.
Жалпы сот-сараптаманың екі түрі бар. Бірі – сот-медициналық, екіншісі сот-техникалық. Сот-медициналық сараптаманы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекеме тірі адамның денесіне немесе мәйітке жасайды. Ал, сот-техникалық сараптама Әділет министрлігіне қарасты болғандықтан мұнда тек заттарға, материалдық құндылықтарға зерттеу жасалады. Осы ретте сот-медициналық сараптаманы ішкі істер қызметкерлері тағайындап, қаулы шығарады. Ал, өрт-техникалық сараптаманы өрт бақылау қызметі анықтаушылары тағайындайды.
Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін, жауапкершілігі мол сарапшылардың еңбегі ескерусіз қалып жатқан жоқ. Облыстың, ТЖД басшылығы тарапынан институт директоры Б.Ержанов пен бас сарапшысы С.Молжанов Құтқарушылардың кәсіби күні мерекесіне орай Алғыс хатпен марапатталды.
Жалпы кез келген оқиға мен қылмысты ашу сот-сараптамасының қорытындысына байланысты болады. Сондықтан сарапшыға аса маңызды міндет жүктеледі. Ол оқиғаны терең зерттеп, нақты қорытынды жасайды. Адам тағдырын шешетін соңғы үкім де соған байланысты болады.
Айгүл НҰРМАНОВА,
облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.