МЕРУЕРТТІҢ МЕРЕЙЛІ ҚАДАМЫ

Арал қаласындағы №220 орта мектептің озат оқушысы Меруерт Мошанова «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайысының облыстық іріктеуінің апталық, айлық, маусымдық ойынында жеңімпаз атанды. Осылайша 100 мың теңге иеленіп, жылдық ойынға жолдама алған-ды. Бұл додаға республиканың түкпір-түкпірінен екі жүзден астам өрен қатысты. Өңшең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей біліктілердің арасында Жәутіков атындағы физика-математика, әр облыстағы дарынды балалар мектебінің, қазақ-түрік лицейлерінің оқушылары бақ сынады. Тағы да Меруерттің жолы болды. Ақтық сынға шығып, жүлделі екінші орынды иеленді. Бұл жеңіс тек теңіз төскейінің ғана емес, Сыр  өңірінің қуанышы десек, лайықты. 
Меруертке жетістік тынымсыз еңбегі, ізденімпаздығының арқасында келді. Кейде кірпік ілместен мектеп оқулықтарын, танымдық энциклопедияны, интернетті ақтарып өзіне қажетті мәліметтер жинаған сәті де кездесті. Үміт ақталды. Меруерт бала кезінен қазақ тілі мен әдебиетін, орыс әдебиетін, ағылшын тілі пәндерін айрықша сүйіп өсті. Пәндік олимпиадаларда талай топ жарды. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой туралы «Л.Н.Толстой және Қазақстан» атты тарихи-әдеби сайысқа жазған шығармасы өте жоғары бағаланды. Ясная Полянадан  музей-усадьбасының директоры Е.А.Толстаядан алғыс хат алуы жігерін жаныды. Сондай-ақ ол ата-анасының қолдауымен Европалық корреспонденттік оқыту мектебінде ағылшын тілі бастаушылары курсын сырттай оқып, «өте жақсы» деген бағаға аяқтады. Арнайы куәлік алды. Бұл Елбасымыздың «үштілділікті меңгеру қажет» деген тапсырмасына жауап десек жарасымды. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.

ҚОҒАМ 10 желтоксан 2013 г. 1 077 0