КӘСІПКЕРЛЕР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨРСЕТТІ

Жақында Қызылордада ашылған паллиативтік көмек беру бөлімшесін жабдықтауға аймақтың бизнес өкілдері белсенді атсалысып жатыр.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Дархан Мырзалиевтің айтуынша, облыстық кәсіпкерлер палатасының бастауымен аймақ кәсіпкерлері тарапынан онкоорталыққа 3 миллион теңгеге жуық көмек берілген. Алдағы уақытта да мұндай көмек жалғасын таппақ.

Меценаттар жаңа бөлімге жұмсақ, корпусты, медициналық жиһаздар, тұрмыстық техникалар, жүріс арбасын және өзге де науқастардың қажеттілігіне арналған заттарды алып берді. Бұл өзгелерге үлгі болсын. Сондықтан, қайырымдылық көр­сеткен кәсіпкерлерді атап өткен жөн. Олардың басым бөлігі мұнай-сервистік компаниялар, сондай-ақ «Frac Jet», «НефтьТехСервис», «ПиЭм Лукас Қазақстан», «Дос Инжиниринг», «Сыр Маржаны», «Kyzylorda Wildlife Foundation» серіктестіктері мен Жандос Қарабала, Мақсат Мүбарак, Анвар Якуповтар бар.

Кәсіпкерлер: «Емделушілерге мораль­дық көмек көрсетіп, қолдау білдіргіміз келді. Бұл бастаманы басқа да азаматтар жалғастырады деген сенімдеміз», – деп, өздерінің ізгі ниетін жеткізді.

– Облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға облыста онкологиялық дертпен ауыратын науқастарға паллиативтік көмек көрсетуге арналған 15 орындық хос­пис ашылған болатын. Аталған ауруға шалдыққан, жағдайы өте төмен азаматтарға арналған мұндай орталықты ашу бұрыннан жоспарымызда бар болатын. Бірақ сәті енді түсті. Кәсіпкерлердің бірден көмек қолын созып, орталыққа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткендігі көңілге қуаныш ұялатты, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова.

Айта кетейік, паллиативтік көмек беру бөлімшесінің емделушілеріне жәрдем жасауда палата жанындағы облыстық Іскер әйелдер кеңесі де қалыс қалмады. Кеңес мүшесі Айжан Шегенова бастаған нәзікжандылар орталықты бөлме гүлдерімен безендіріп, қабырға суреттерін табыс етті. Сондай-ақ, олар алда келе жатқан Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сұлулық салоны қызметкерлерімен бірге, орталықта жатқан қыз-келіншектерге қызмет көрсетпек.

 

ҚОҒАМ 25 ақпан 2016 г. 1 036 0