« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, елімізде тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастырып, сондай-ақ, сотталғандар санын азайту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Сотты болғандар қатарын азайтудың басты жолы – темір тордың ар жағына барып келгендердің қоғамға бейімделуіне, жұмыспен қамтылуына жағдай жасау. Әйтпесе, көлденең кездескен кедергілер олардың қайта қылмыс жасауына апарып соғары сөзсіз.
Сәрсенбіде облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша консультациялық-кеңесші органның отырысы өтті.
Облыс әкімінің орынбасары кіріспе сөзінде аймақтағы қылмыстық құқық бұзушылықтың жай-күйіне тоқталды. 2015 жылдың көрсеткішіне зер салсақ, өңірде орын алған қылмыстар саны жылдағыдан артқан. Әсіресе, ауыр дене жарақатын салу, қарақшылық, алаяқтық, ұрлық, бұзақылық санатындағы қылмыстар өрши түскен. Бұл жағдай өңірдің барлық аймақтарына да қатысты болғанымен, негізгі үлес Қызылорда қаласына тиесілі болып отыр.
Облыста пробациялық бақылау есебіне алынғандардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Жазасын өтеп келгендер жұмыссыз ретінде тіркелгенімен, бәрі бірдей екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Отырыста бірінші боп баяндама жасаған Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Ғ.Отарбаев бұл мәселені шешу үшін сотты болғандардың белгілі бір мамандық алуына мүмкіндік беріп, шаруашылық орындарымен меморандум жасау туралы айтты.
Әрине, қандай да бір маман иесі болмай, жұмыс табу қиын. Сондықтан, түзелем, ел қатарына қосылам деген жанға қолдау ауадай қажет. Өткен жылы жұмыспен қамту мекемелеріне бұрын сотты болған 184 адам тіркелсе, олардың 98-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл турасында Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы М.Делмұханов мәлім етті. Сондай-ақ, ол сотты болғандарды ауылшаруашылық мамандықтары бойынша білім алуына жағдай жасау жұмыстары жалғасын табатынын, қазіргі таңда сауалнамаға сәйкес 507 азаматтың білім алуға тілек білдіргенін жеткізді.
Комиссия отырысында жазасын өтеп келгендердің жеке кәсіппен айналысуы үшін барынша жағдай жасалуы керектігі де сөз болды. Қазіргі таңда бизнес жобаларды қаржыландыру үшін несиелік ұйымдар көмегіне жүгініп, сондай-ақ, қайтарымсыз гранттарды жеңіп алуға болады. Әрине, оған қол жеткізетіндер қатарын көбейту үшін насихат жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуі тиіс.
Республика бойынша сотты болғандарды әлеуметтік бейімдеу орталығы Павлодар және Шымкент қаласында ғана бар. Мұндай орталық Қызылордаға да қажет. Өкінішке орай, тиісті қаржысы шешілмей, жұмысын бастай алмай отыр. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары А.Қайруллаев қажетті сома 40 млн теңгені құрайтынын, облыстық әкімдікке тиісті ұсыныстар жолданғанын мәлімдеді. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта бұл мәселені шешудің жолдары қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол отырыс соңында хаттамаға сәйкес күн тәртібіндегі жұмыстарды өз деңгейінде орындалуына күш салуды тапсырды.
Нағымжан САУЯЕВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |