Түнгі қалаға шыға қалсаңыз Жаңа жыл мерекесі жақындағаны байқалады.
Жаңа жыл – ерекше мерекелердің бірі. Сондықтан «жақындарыма қандай ерекше сыйлық жасасам екен?» деген ой түнгі шамдармен жарысып, қиялыңды еліктіреді.
Сауда орталықтарында әлемдік брендтер қымбат тұрады. Алайда, оларды бірнеше есе арзан бағаға интернет-дүкендер арқылы алуға болады. Тек, Кеден одағына мүше мемлекеттерден басқа елдерден халықаралық пошта жөнелтілімдерін алудың өз ерекшеліктері мен тәртібі бар.
Мәселен, жеке тұлға, кедендік ресімдеусіз және кеден төлемдерін төлемей, құны 1000 евро тұратын, ал салмағы 31 килограмнан аспайтын пошта жөнелтілімін ала алады. Және бір ескеретін жайт: Кеден одағының аумағында тұратын жеке тұлға бір ай ішінде тек бір жөнелтілім ғана ала алады. Егер орамаңыздың құны немесе салмағы осы мөлшерлерден асып кетсе, тауар құнының 30 пайызы көлемінде, алайда мөлшерден асатын салмақтың әр килограмына 4 евродан аспайтын сомада кеден алымын төлейсіз.
Халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы алкоголь ішімдіктерін, темекі өнімдерін, қаруларды немесе олардың бөлшектерін, өсімдіктер мен түрлі тұқымдарды, асыл тастарды, есірткі заттары мен дәрі-дәрмек түріндегі түрлі миды улайтын прекурсорларды, тасымалдауға болмайтыны да жадыңыздан шықпасын.
Пошта жөнелтілімдерінде осындай тыйым салынған заттар анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының «ҚР Кеден ісі туралы» кодексінің 26-тарауы негізінде кеден органдары бұл жөнелтілімдерді ұстауға құқылы. Және де осы Кодекстің 53-тарауы зияткерлік меншік нысандарына деген құқық бұзылған жағдай болса, тауарларыңызды кеден қызметкерлері ұстап қалуы мүмкін екенін ескертеді.
Қазақстан аумағында халықаралық пошта жөнелтілімдерін алмасатын мына орындар белгіленген: Астана, Астана-1, Алматы қаласында және Орал, Петропавл қалаларында. Міне, осы орындарда пошта жөнелтілімдеріне кедендік бақылау жасалады.
Бақыт ОРДАНОВА,
Облыс бойынша кедендік бақылау департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.