ЖОБА АЯСЫНДАҒЫ ЖЕМІСТІ БАСТАМАЛАР

Қызылөзек ауылдық округінің мәдениет үйінде облыстық Ассамблея хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» орталығының ұйымдастыруымен «Үлкен Ел-Үлкен Отбасы» жалпыұлттық жобасын насихаттау және түсіндіру мақсатында «Бірлігіміз жарасқан» атты жиын өтті.

Оған орталық директорының орынбасары Асылбек Жұмабаев, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ашур Хамидов, «Славяне» этномәдени орталығының төрайымы Г. Щербакова және өзге де этномәдени бірлестік белсенділері мен жергілікті өнерпаздар қатысты. Шараны Асылбек Жұмабаев ашып, «Үлкен Ел-Үлкен Отбасы» жалпыұлттық жобасының маңыз­дылығына кеңінен тоқталды.

Кеш барысында шешен, татар, «Славяне» этно­мәдени бірлестігі мүшелерінен құралған өнер­паз­дар түрлі ұлт өкілдерінің әнін шырқап, биін биледі. Сонымен қатар Қызылөзек ауылы әкімінің міндетін атқарушы Е.Нұржанов бірқатар этномәдени бірлестігінің жетек­шілері мен белсенділерін Алғыс хатпен марапаттады. Қызықты өрбіген кеш қатысушыларға әсерлі көңіл-күй сыйлады.

***

Қаладағы № 4 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте «Үлкен Ел-Үлкен Отбасы» жалпыұлттық жобасы аясында «Саламатты елдің салауатты жастары» атты спорттық сайыс болып өтті.

Шараны облыстық Ассамблея хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырды. Жастар арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру, насихаттау және бірлік, достықты дәріптеу сайыстың бас­ты мақсаты болып табылды. Оған облыстағы түрлі этнос өкілдерінен құралған төрт команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Баскетбол ойынының іріктеу және финалдық кезеңдері бойынша бірінші орынды корей, екінші орынды татар этномәдени бірлестігінің жастары иемденді. Сонымен қатар үшінші орынды түрлі этнос өкілдерінен құралған «Достық» тобы мен қырғыз этномәдени бірлестігінің жастары бөлісті. Ал, сайыстың «Үздік ойыншысы» номинациясын Дмитрий Тен мен Ильдар Мансұров жеңіп алды. Сондай-ақ, барлық қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталды. Қатысушылар тарапынан сайысты дәстүрлі шараға айналдыру жөнінде ұсыныс та айтылды.

***

 

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Үлкен Ел-Үлкен Отбасы» жалпыұлттық жобасы аясында Жалағаш ауданындағы Мәдениет ауылдық округінде қайырымдылық акциясы өткізілді.

Алдымен Аққыр ауылының әкімі Ә.Әлсейітов аталған жалпыұлттық жобасы барша қазақстандықтарды біріктіруге арналған шара екеніне кеңінен тоқталып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берді. Акция барысында жеке кәсіпкер Г. Жүнісов, Е. Ерназаров ауылдағы 15 тұрмысы төмен, көпбалалы отбасына азық-түлік өнімдерін таратып берді.

Ауыл тұрғындары кәсіпкерлерге ризашылықтарын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Сара АДАЙБАЕВА.

ҚОҒАМ 24 ақпан 2016 г. 781 0