ЕЛ САУЛЫҒЫН САҚТАУДАҒЫ ЖҰМЫСТАР САРАЛАНДЫ

«Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова өткен жылы салада атқарылған жұмыстарды саралады.

Өткен жылы елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңі аяқталды. Аталған бағдарламаға сәйкес облыстың денсаулық сақтау саласының алдында сырбойылықтардың саулығын жақсарту, әлеуметтік-демографиялық әлеуетін көтере отырып, мақсатты индикаторларға жету көзделді.

Басқарма басшысының айтуынша, есепті мерзімде облыстың денсаулық сақтау саласына алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуге, аурудың алдын алу, емдеу және диагностикалауға, материалдық-техникалық базасын толықтыруға 32,1 млрд. теңге бөлініп, ол облыс бюджетінің 26 пайызын құраған.

Жалпы, өңірімізде тұрғындарға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде 171 медициналық, оның ішінде 47 стационарлық, 124 амбулаторлы-емханалық мекеме қызмет көрсетеді. Былтыр 119 мың науқасқа стационарлық ем көрсетілсе, күндізгі стационарларда 47 мыңға жуық науқас ем алған. 2014 жылы бұл көрсеткіш, яғни, күндізгі стационарлардан ем алушылар саны 37345-ті құраған. Өткен жылы жедел жәрдемді шақыртулар саны 200 мыңға жуықтаса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 174 278-ді құраған.

– 2015 жыл қорытындысымен туу көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 25,2 болды немесе 19242 нәресте өмірге келіп, республикада үшінші орынды сақтап қалдық, – деді А.Әлназарова.

Сонымен бірге, жалпы өлім көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,2 пайызға төмендеп, 5,1-ді құраған. Бұл бойынша сала басшысы бірінші орында жүрек-қан тамырлары ауруларын атаса, екінші – қатерлі ісік аурулары, үшінші тыныс алу жолдарының аурулары тұрғаны белгілі болды.

Сәбилер өлім-жітімі бойынша да сала жетекшісі 1000 тірі туылған балаға шаққанда 9,6 пайызға төмендеп, 11,4-ті құрағанын,2014 жылы бұл көрсеткіш 12,5болғанын айтты.

Тұрғындар арасында туберкулезбен аурушаңдық­ты талдағанда 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш облыста 5,6 пайызға төмендеп, 72,5-ті құраса, аталған аурудан өлім көрсеткіші 26,8 пайызға төмендеген.

Басқарма басшысы саланы білікті мамандармен қамту мәселесі күн тәртібінен түспей отырғанын айта келе, әлі де 50 дәрігердің қажет екенін жеткізді. Олар – педиатр, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог және басқа да балалар мамандары. «Аталған мәселені шешу мақсатында облыста бірқатар ауқымды жұмыстардың қолға алынғаны белгілі. Атап айтқанда, дәрігерлердің біліктілік көтеру курстары мен мамандығы бойынша интернатураны өту үшін облыстық медицина орталығы базасынан С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің филиалы ашылса, Қызылорда медицина колледжі базасында «мейірбике ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриатты білім беру пилоттық бағдарламасы енгізілді»,– деді А.Әлназарова.

Көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты мәселелерді жедел түрде шешу мақсатында пациенттерге қолдау көрсету қызметі, сенім телефондары ұйымдастырылып, бірыңғай СаІІ орталығы ашылды. Осы жұмысты толықтыру мақсатында қазіргі уақытта облыстың барлық емдеу ұйымдарына электронды тіркелім арқылы алдын ала жазылым бағдарламасы енгізілуде. Мамандар бұл бағдарламаның пациент үшін де, емдеу мекемесі үшін де тиімді болатынын айтады.

Есепті мерзімде Арал ауданы Сексеуіл кентінде ауысымына 100 келушіге арналған ауылдық емхана, Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылында дәрігерлік амбулатория, Жалағаш кентінде ауысымына 250 келушіге арналған аудандық емхана пайдалануға берілді. Жаңақорған кентінде ауысымына 250 келушіге арналған аудандық емхана, Қызылорда қаласында облыстық көпсалалы балалар ауруханасы құрылыстары жалғасуда.

Айнұр БАТТАЛОВА.

ҚОҒАМ 04 ақпан 2016 г. 850 0