Ең әуелі «оралман» сөзіне келейік. Турасын айтсақ, мұндай сөз бұрын-соңды төл тілімізде болған жоқ. Сөз туады, түлейді, түрленеді. Оның өзі тіл әлеміндегі заңды табиғи құбылыс екендігі даусыз. «Ман, мен» жұрнақтарын (аффикстер) қосу арқылы туынды сөз жасау үрдісі тілімізде» біраздан бері қолданылып келеді. Мәселен, «тыңдарман, оқырман, көрермен деген тәрізді сөздер сол үрдістің нәтижесі. Әлгі оралман да сондай жолмен жасалған жаңа туынды сөз.
Төл тілімізде "ман, мен” жұрнақтарымен қосарланып айтылатын сөздер бұрыннан да бар. Оны «Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп» деген нақыл сөзден анық аңғарамыз. Мұндағы аларман – ашкөз адам, берермен – сараң, іштар адам деген мағынаны білдіріп тұр.
«Ман» түркі және араб, парсы халықтарының тілдерінде «адам, кісі» деген дара тұлғалы сөз екен. Сол халықтарда Осман, Нариман, Пұсырман, Сүлейман деген кісі аттары көптеп кездеседі. Оның лексикалық мән-мағынасына жүгінсек, біраз жайттардың мән-мағынасы ашылғандай болады. Нариман деген есім сөзді алайық. Ол парсы тілінен енген. Ол тілде Нари (айтылуы Найри) батыл, отты, жалынды дегенді білдіреді. Сонда Нариман батыл адам деген сөз болып шығады. Сондай-ақ, Ерман – ер адам, Мейірман – мейірімді, рахымды, Биман – би адам... Міне, «ман» жұрнағымен жасалған кісі есімдерінің мән-мағынасы осылайша жалғасып кете береді.
Бір ғажабы, о бастағы лексикалық мағынасы «адам» дегенді білдіретін «ман», «мен» аффикстері неміс, ағылшын тілдерінде де кездеседі екен. Ағылшындарда супермен (Supermen) деген сөз бар. Орысшасы – сверхчеловек. Қазақшаласақ, ерекше адам немесе аса дара тұлғалы адам боп шығады.
Енді оралман сөзіне қайта оралайық. Міне, біз араб, парсы, түркі тектес халықтардың тілдеріне қысқаша шолу жасай отырып, оралман деген сөздің түпкі мағынасына көз жеткізгендей болдық. Сөйтсек, шетелдерден көшіп келген бауырларымызды оралман деп жүрсек, «оралған адамдар» екен ғой. Күні кешегі өтпелі кезеңде Қазақстаннан көптеп орыстар, немістер, украиндар, гректер туған елдеріне қоныс аударып кетіп, көбісі араға жыл салмай-ақ қайтып оралған еді. Сонда олардың да оралмандар болғаны ма? Жоқ, әсте олай емес. Әттең, сөз мағынасының бұлыңғырлығы біздің түсінігімізді шатастырып, әрі-сәрі күй кештіріп қойғаны таңғаларлықтай әрі еріксіз бас шатастырып, бас шайқатарлықтай жағдай емес пе?
Елбасы журналистермен өткізген бір сұхбатында «оралман» деген сөздің өзіне ұнай қоймайтынын, оны қандастарымыз деп айтсақ, қалай болады деп ой тастай сөйлегені бар. Өте құптарлық ой! Әлде отандастар десек ше?! Кәне, баршамыз да осыны көңіл таразысына салып, ойласалықшы. Ендігі сөз кезегі – көпшілік еншісінде.
Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,
ардагер журналист.