ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕНЖАРЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

Иә, өткен күндердің естелігін, еліне қалтқысыз қызмет еткен ардақты азаматтарды неге сөз етіп отырмыз? Себеп бі­реу – нақты кезеңде Шиелі ауданындағы білім бөлімі мен ден­сау­лық саласының жұмысы халықты қанағаттандырмайды. Жай­сыз әңгіме көп, кей мектеп басшыларының келеңсіз қы­лықтары сөз етіледі. Жарты ставкамен сабақ беретін мұ­ға­лім­дер баршылық. Жұмысқа қабылдауда маманның білім сапасына емес, сыбысқа қарағанда, бармақ басты көз қысты әре­кеттерге көбірек жол берілетін секілді. Сағат бөлу, түрлі бай­қаулардың қорытындысы қалтаға қарап шешіледі-міс. Осын­дай олқылықтардың салдарынан сабақ, тәртіп мәселесі бо­саңсыған. Мұны жолға қоятын білім бөлімі басшысының ке­луі­нен кетуі жылдам. Кейінгі он жыл көле­мінде білім бөлімінің мең­герушілігінде 5-6 ауыс-түйіс болды. Соңғы басшысы Э.Тәкен облыстық тәртіптік кеңес шешімімен қызметінен шет­те­тіл­ді. Сол секілді аудандық денсаулық сала­сын­дағы да жағ­дай көңіл көншітпейді, жүйелі жұмыс жоқ, аурушаңдық басым, ана-мен бала өлімі аудандар ішінде алдыңғы қатарда. Құдай ауыртпасын, егер ауырып алдына бара қалса, дәрігерлер өзінің ант берген міндетті жұмысына салғырттанып, сүйретіліп зорға жүрген науқастарды ұзақ күттіріп қоюдан ұялмайды. Есепте тұратын науқастарға тегін берілетін дәрі-дәрмек жөнінде де күңкіл бар. Кәсіби біліктілік те, қызмет көрсету мәдениеті де төмен. Халық қаржысынан айлық алатын ақ халаттылар алдына келген жанға тәкаппар қарайды, астамси сөйлейді. «Жедел жәрдемнің» жұмысы да жұрттың ызасын келтіреді. Кешігіп келетінінен бөлек, «Аспирин» ішпедің бе?» деп екі көзі төрт болып жатқан ділгір жанға арзан ақылмен «жәрдем» көрсететін фельдшер мен медбикелер де кездеседі. Біліктілігіне шындап сынақ алатын болса, бұлардың да бірсыпырасы сөмкесін тастап шыға келетін шығар-ау. Ауданның аталмыш саласын кешеге дейін басқарып келген бас дәрігер Қ. Шәукебаев облыстық денсаулық басқармасы басшысының бұйрығымен жуырда қызметінен босатылды.

Бір кереметі – сөз етілген екі сала жұмыссыз жүргендердің бас сауғалайтын мекеніне айналған­дай ма?! Өйткені, олардың көпшілігі өз мамандығын құрметтеуден гөрі нәпақа айыратын, мүмкін болса, тиын-тебен табуға қолайлы, олжалы жер деген түсінікке әуес пе деген де күмән қылтияды.

Мемлекет басшысы айрықша назар аударып отырған білім мен денсаулық саласының Шиелі ауданында төменгі деңгейге түскендігі құзырлы орындарда арнайы қаралғандықтан, халық наразылығын туғызып отырған жағдайларды әзірше жалпылама ғана ортаға салдық. Бәлкім, кезі келгенде тақырыпқа қайта оралармыз. Сонымен, мұнда «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар» шөре-шөре жағдайдың қалыптасқандығы қынжылтады. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы орын мен аудандық мәслихаттың да үні естілмейді.

Елбасы ел дамуының Ұлт жоспарын жасатып, елімізде үлкен бетбұрыс жасап жатқан шақта, елге адал қызмет еткен Зермұхамбетов пен Кәрімбаев Шиеліге қазір де керек еді-ау, депамалсыз ойланасың.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

ҚОҒАМ 20 қаңтар 2016 г. 689 0