ҚАЗАҚ КҮНТІЗБЕСІНЕ КӨЗҚАРАС ҚАЛАЙ?

Қазақ баласы 1918 жылдан бастап григориан күнтізбесін қолданып келеді. Біздің бабалар жер түгілі жеті қат көктің де қыр-сырына қанық болған көрінеді. Қазір біз ұмыта бастаған күнтізбе сол сөзімізге айқын дәлел. Малдың жайын күйттей білген бабалар соған лайықты күнтізбені өздері жасап алған. Өкінішке орай, қазір ол жайында жастар түгілі, үлкендердің өзі біле бермейді. 
Ежелгі заманнан бері азды-көпті өркениет өресіне шыққан елдердің барлығында күнтізбе өмірге келді. Оның пайда болуындағы басты себеп – күнтізбесіз шаруашылықты ұйымдастыру қиынға соқты. Көне уақытта жұртшылық қардың кетуі, өзендердің тасуы секілді құбылыстарға негізделген күнтізбені қаперде ұстап, сол бойынша жұмыстарын жүргізген. Алайда ол құбылмалы ауа-райына тәуелді күнтізбелер халық қажетін қанағаттандыра алған жоқ. Осының нәтижесінде адамзат баласы уақыт есебін уақытылы есептеп отыратын күнтізбені өмірге алып келді. Бір қызығы, бұл дүние батыстан емес, шығыста алғаш пайда болды. Оны Мысыр халқы өмірге енгізді. Олар жылдың ұзақтығын 365 тәулікке бөлді. Оның әрқайсысына 30 күннен бөліп, 12 айға есептеді. Қалған 5 күн Құдайға құлшылық ететін күндер болып саналып, ол ешбір айға қосылған жоқ. Біздің заманымыздан бұрынғы 45 жылдарда Рим императоры Юлий Цезарь да осындай күнтізбені өмірге енгізді. Рим папасы Григорий ХІІІ 1582 жылы өзінің күнтізбесін қолданысқа енгізуге тырысты. Қазіргі таңда көптеген елдерде осы дүниені кәдеге жаратып келеді. Мұсылман елдерінің басым көпшілігі араб күнтізбесін қолданса, еврейлер Вавилон күнтізбесін пайдаланған. Көне түркілер де одан кенде болмаған. Олар күн күнтізбесіне көңіл бөлді. Ол кейіннен түбірі бір туысқан – қазақ, өзбек, түркімен, татар, әзірбайжан және өзге де халықтардың күнтізбелеріне негіз болып есептелді. Дегенмен, бүгінгі таңда тегі – түркі, діні мұсылман елдерінің кейбірінде григориан күнтізбесі пайдаланып жүр. 
Даналықты даланың үнінен үйренген қазақ халқы табиғат құбылыстарын үнемі бақылап, оны өз тіршілігінде кәдеге жаратып отырған. Сондықтан біздің күнтізбемізді көп жылдық тәжірибе негізінде жинақталған дүние деп нық сеніммен айта аламыз. Көшпелі қазақ та аспан әлемі туралы түсініп, астрономиялық ұғымдар мен білімдерге назар аударды. Табиғат құбылыстарының қайта айналып келуін таразылап отырды. Күн мен түннің теңелуін де назардан тыс қалдырған жоқ. Тіпті айдың тутуы мен батуы, жұлдыздардың орналасу тәртібін мұқият бақылап, оны есептеп ұғыну біздің халқымыз үшін маңызы ерекше болды. Ата-бабаларымыз өздерінің байырғы күнтізбесі арқылы жайлауға қай уақытта көшу, күзеу және қыстауға қай уақытта қайту секілді жайларды да назардан тыс қалдырған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, біздің күнтізбеміз де өз өмірімізде маңызды рөл атқарды. Алайда соны бүгінгі ұрпақ мүлдем ұмытып кетті деп айта аламыз. Халқымыздың қаншама ғасырлар бойы қолданыста болған дүниесінен бас-аяғы 70-80 жылдың ішінде мүлдем ажырап қалдық. Біз оны неге бүгінгі ұрпаққа дәріптемей жүрміз? 
Ежелгі кезеңде қазақша зодиак белгісінің атаулары болды. Атап айтқанда, қозы, торпақ, егіздер, шаян, арыстан, бикеш, таразы, сарышаян, мерген, теке секілді қазақша мағынасы бар еді. Қазіргі жастардан ол жайында сұрай қалсаңыз, мүлдем ештеңе айта алмауы әбден мүмкін. Өйткені, олардың санасына құйып жатқан ешкім жоқ. Сондай-ақ, халқымыздың аспан денелеріне қойған аттары да өздерінің мал бағушылық өмірінен алынған. Мәселен, түнде жол жүргенде Темірқазыққа қарап сапарын жалғастырды. Темірқазықтың жанындағы қос жұлдызға Ақбозат пен Көкбозат деп ат берді. Күзгі мезгілде малды күзеткен адамдар Жетіқарақшыны бақылап, күзетін ауыстырып отырды. Біз әлі күнге дейін өзімізді-өзіміз тани алмай келеміз. Қазекем аспанның да, жердің де қыр-сырын кем білген жоқ. Оған біздің көшпелі тіршіліктегі өмір сүру дағдымыз айқын дәлел бола алады. 
Әділжан ҮМБЕТ. 

ҚОҒАМ 07 желтоксан 2013 г. 1 362 0