ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ

Егеменді Қазақстанның толағай табыстары Елбасымыздың есімімен тығыз байланысты екені даусыз. Соған орай өскелең буынның санасына отансүйгіштік сезімді қалыптастыру замана талабы. Бұл тұрғыда білім саласында көптеген шаралар атқарылуда. Соның бірі №204 мектепте өткізілген дөңгелек үстел болатын. Қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер, оқушылар, тұрғындар қатысқан кешті ашқан мектеп директоры Болат Жолтаев шараның маңыздылығын атап өтті. Білім ордасындағы Президентіміздің өмірі, шығармашылығы жайлы фотосуреттер, мақала, кітаптар қызықты деректерден сыр шертеді. Жиында «Нұр Отан» ХДП «Көлік» бастауыш партия ұйымының қоғамдық қабылдаушысы Сәкен Әлішев, «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Базаркүл Жолболдиева, «Әли-Мұса» мешітінің найб-имамы Болатбек Наурызбаев, мұғалім Көбейсін Демеубаев өз ойларын ортаға салды. Кешті өнерпаздардың әсем әндері әрлендіре түсті.
Ақтан батыр ауылындағы №190 мектепте патриоттық әндер байқауы өткізілді. Бұл күні ауыл аспанында адам жанын жігерлендіріп, ұлттық рух себетін әуендер қалықтады. Байқау қорытындысында бас жүлдені Назерке Тасболат, І орынды Азамат Жұмахмет иеленді. Игі шара сенбілікке ұласты. Мектептегі жастар ұйымының жетекшісі С.Сәрсембаеваның басшылығымен өткен тазалық жұмыстарында жастар белсенділік танытты. Осы күні мектеп спорт залында грек-рим күресінен болған бәсекеде балғын палуандар белдесті. Көрермендерін сүйсіндірген апталықты мектеп директоры Ділдәбек Айтмамбет қорытындылады. 
Мұндай қызықты кеш Бердікен Мергенбаев атындағы №226 гимназияда көрініс тапты. Фойеде «Тәуелсіздік тұғырым» аясында сурет көрмесі ұйымдастырылды. Әрбір сыныпта тәрбие сағаты, жас әншілер байқауы мәреге жетті. Мектеп кітапханасындағы биографиялық шолуды оқырмандар қызыға тамашалады. 
«Шәкірт жанына терең білім, тағылымды тәрбие сіңіру ортақ парызымыз. Ел ертеңі білікті ұрпақ қолында екендігін естен шығармауымыз қажет» – дейді №226 гимназия директоры Қуаныш Көмекбаев.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.

ҚОҒАМ 07 желтоксан 2013 г. 1 159 0