«Сыр бойы» басылымы біздің жастық шағымыздың күнтізбесі. Бәрі есімде, басылымды ата-аналарымыз сабақтан келген бойда жата-жастанып оқып отыратын. Әкем Наят ұстаз болды, аталас ағайым Нұрділда Ерманов бірнеше шаруашылықта хатшы қызметін атқарып, баспасөздің жалынды насихатшысы болғанына куәгермін. Қазір зейнеткер, тоқсанға қарай бет бұрды, әлі байырғы басылым қолына тигенше шыдамсызданып, хат тасушылар келгенше тағат таппайды. Ықыласы мүлдем бөлек. Ал, өз отбасым бұл басылыммен қырық жыл бойы сырлас, арамыз үзілген емес.
Менің бүкіл тағдырым – баспасөздің қара шаңырағы атанған «Сыр бойымен» сабақтас. Өмірімнің қиын сәттерінде, мәслихатқа депутат болғанымда қалың оқырманға еңбек жолымның бірден-бір насихатшысы болғаны есімнен кетпейді.
Шындығын айту керек, бұл басылым қазіргі таңда салмақты ойдың бағдаршамы болып отыр. Мазмұны, көркемдігі жылма-жыл жаңара түсуде. Көтерілген мәселе көкейдегі ойдан дөп түседі. Басылым беттерінде мемлекет, қоғам қайраткері С.Шаухамановтың қазіргі идеология, жастар саясаты жөнінде қозғаған ойлары, танымал тұлғалар, жүз жасаған адамдар жайында тебіреністері қалың оқырманның ықыласына бөленді. Зейнеткерлер, баспасөздің белсенді авторлары А.Сопыбеков, Ш.Айбосынов, Қ.Шапшаңов, И.Жұмағұлов, М.Нәлібаев, Н.Салықов, С.Жұбатырұлы, тағы басқалардың терең мазмұнды дүниелері ертеңгі болашаққа деген сенімді одан әрі асқақтатып, әр жүректі шуаққа бөледі.
Қазір барлық жерде келер жылға баспасөзге жазылу қызу жүріп жатыр. Осынау сәттерде бәріміз сүйікті басылым «Сыр бойының» таралымын көбейте түсуге мұрындық болсақ, ұтылмаймыз. Біздің ұжым, менің он мыңға жуық сайлаушыларым осынау қызу сәттерде көш басынан көрінер деген үміттемін. Қазіргі ықылас соны серпілісті байқатады.
Шығармашылық ұжымға айтарым, алдағы уақытта қалың оқырманды шырайлы дүниелерімен сусындата беріңіздер! – деген ақжолтай тілегімді қабыл алыңыздар.
Нұрмұрат ЕРМАНОВ,
«Бабас» ЖШС-ның директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.