« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
– Құралай Төлеуқызы, қоғамдық қор қашан құрылды, оны бүгінгідей дәрежеге жеткізудің жүгі қаншалықты ауыр болды?
– Біз өз жұмысымызды 2000-жылы бастадық. Мақсат – техногенді және экологиялық апаттан зардап шеккен балаларды әлеуметтік қолдау, олардың құқығын қорғау еді. Алғашында, әрине, қиын болды. Себебі ол кезде біздің өңірде қайырымдылық, демеушілік көмек көрсету ұғымы әлі қалыптасып үлгермеген болатын. Сонда да болса, өзім мекемелерді аралап, көмек сұрауға кірістім. Маған алғаш болып көмек қолын созған «ҚазГерМұнай» компаниясы болды. Олар алты жыл қатарынан балалардың өзекті деген мәселелерін шешуде көмек қолын созды. Сондай-ақ, кей қызметкерлері киім-кешектермен қамтамасыз етті. Себебі біздің балалардың көпшілігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан еді. Ал кино саласынан қоғамдық жұмысқа топ ете қалған маған бұл шаруаны алып кету оңай болмады. Алғашында бүлдіршіндері науқастанған ата-аналар кабинетіме келіп жылап отыратын. Мен қалай көмектесерімді, жұбатарымды білмей қосыла көзіме жас алатынмын. Солайша дүниежүзілік тәжірибелерді оқып, көріп, танысып, шыңдала бастадым. Алдыма кез келген бастаған ісімді аяғына дейін жеткізіп, нәтиже шығару керек деген мақсат қойдым.
– Бүгінде аймағымызда ақ қан дертіне шалдыққан қанша бала бар, оларды толғандыратын мәселе қандай?
– Өздеріңізге белгілі біз экологиялық қауіпті аймақта тұрамыз. Бұл балалардың денсаулығына әсер етпей қоймасы анық. Әсіресе, Арал өңірі балаларының мәселесі біздің басты назарда. Сондай-ақ, 15 жылдан бері онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға қолдау көрсетіп келеміз. Егер олардың мәселесін уақытылы шешіп, қолдау көрсетпесе, көз жұмуы мүмкін. Сондықтан емін ешқашан тоқтатпау керек. Бірақ емдеу процесі өте ауыр. Олар3 жыл химиотерапия қабылдайды. Сол уақытта асқыну байқалмаса, жақсару сатысына өтеді. Демек, өмір сүру мүмкіндігі артады. Осы тұста балаларға, ата-аналарға психологиялық қолдау өте қажет. Олар жалғыз екендігін сезінбеу керек. Қазір бізде ақ қан дертіне шалдыққан 46 бала тіркеуде болса, соның жиырмасы осы мүмкіндікке қол жеткізіп отыр. Сондан кейін барып олар оқуға, спорттың жеңіл түрімен шұғылдануға мүмкіндік алады. Сол тұста бүлдіршіндерге қоғаммен араласу, айналасындағылардың қолдауы өте қажет. Осы орайда бізді толғандыратын бір жайт бар. Бұл дертке шалдыққан балалар негізінен үйден оқытылады. Бүгінгі күні бізде бұл үлкен мәселеге айналып отыр. Себебі үйден білім алатын балаларға білікті мұғалімдер емес, көбіне жүктемесі аз педагогтар жіберіледі. Ал бұл балалар жоғарғы оқу орнына түсетін шақта қиындық келтіріп жатыр. Себебі олар Ұлттық бірыңғай тестке қатыса алмайды. 2014-2015 оқу жылдарында жан-жақты ізденудің арқасында 4 бала оқуға түсті. Сондай-ақ, жазғы сауықтыру, тынығу орындары да біз үшін үлкен мәселе. 2013-2014 жылдары 15 бала қаламыздағы «Арай Санрайз» және Алматыдағы «Тау-Тұран» лагерінде болып келді.
– Біршама мәселелердің шешілуіне түрткі болыпсыз. Бұл жобалардың барлығының нәтижелі аяқталуының сыры неде?
– Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы сөз бар. Бұл біздің біріге жұмыла жұмыс жасауымыздың арқасы. Бұл жерде біз балалардың мәселелерін билікке жеткіземіз, ал олар бізге үнемі қолдау көрсетіп отырады. Қазіргі таңда облыс әкімдігін, облыстық денсаулық сақтау басқармасын, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын, «Намыс» қоғамдық бірлестігін, «Аман-саулық» қоғамдық қорын жобадағы серіктестеріміз деп білеміз. Сонымен қатар «ЮНИСЕФ», «Сорос-Қазақстан», «Бота», ресейлік «Өмір сыйла» қоғамдық қорларымен тығыз байланыстамыз.
– Қазір «Балаларды отбасында қалдыру» жобасын жасап жатыр екенсіздер. Жобаның жүзеге асырылу қарқыны қандай?
– Бұл бастама биыл жазда басталды. Біз негізінен Қарағанды облысымен тәжірибе алмастық. Ол жақтан арнайы маман келіп семинар-сабақтар өткізді. Қазір қалалық перзентханамен, облыстық «Ана мен бала орталығымен», қаладағы 4 емханамен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Аталмыш мекеме қызметкерлері анасы баласынан бас тартпақ болған жағдайда бізге хабарласады. Арнайы мамандар тобы жиналып босанған әйелмен тілдесіп, бас тартудағы негізгі мәселесін шешуге тырысады. Сол арқылы баланы отбасында қалдыруға жұмыс жасалады. Әзірге еңбегіміз нәтижесіз емес. Шаранасын қабылдағысы келмеген келіншектердің 75 пайызы осындай жұмыстан соң ойынан айнып, өз қателігін мойындады. Бір айта кетерлігі, біздің арнаулы топта жұмыс жасайтын психолог секілді мамандарға төленетін қаржы мардымсыз. Соған қарамастан олар әркез көмек қолын созуға тырысады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: М.ҚОЖАХМЕТОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |