Өткен аптада облыстық прокуратураның баспасөз орталығында аймақ прокурорының аға көмекшісі Ғабит Тобажанов БАҚ өкілдерімен баспасөз брифингін өткізді. Онда негізінен облыс көлемінде аң-құс ату, балық аулау бойынша заңсыз іс-әрекеттердің алдын алу және оны болдырмау мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында айтылды.
– Осы жылдың есепті мерзімінде балықты заңсыз аулау мен су өсімдіктерін заңсыз алу бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды. Облыстық ІІД-ның табиғатты қорғау тобының қырағылығы нәтижесінде Самара-Шымкент тас жолының бойынан тоқтатылған «Нива» көлігінен аулауға тыйым салынған балық түрлері мен бірнеше қармақ тәркіленді, – деді аға көмекші. Сондай-ақ заңсыз аңшылық үшін 13 қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар іс сотқа жолданып, айыптау үкімдері қабылданған.
Хабарламашының айтуынша, Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария ауылы сыртынан ақ түсті қызметтік автокөлік ішінен қапқа салынған белгісіз жануардың бөлшектелген еті табылған. Тергеу барысында ұсталған екі азаматтың бұрынғы кеден қызметкерлері екені, олардың автокөлігінен алынған бөлшектеліп, сойылған жануарлардың 11-і атуға тыйым салынған қарақұйрықтың, 17-сі қоянның еті екені анықталған. Кінәлі деп танылған екі азамат мүліктері тәркіленіп, екі жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге сотты болды.
Аталған мерзімде қаралған істің үшеуі прокуратура органдары арқылы қозғалған. Мәселен, Арал аудандық прокуратурасы Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен бірге балық айналымын реттейтін заңнамалардың қолданылуына тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде «Камбалабалық» ЖШС құзыретті мекемесінің арнайы рұқсатынсыз сәуір айының 11-30-ы аралығында 2730 келі камбала балығы заңсыз ауланып, мемлекетке 2362815 теңге көлемінде зиян келтірілгені анықталды. Осыған байланысты аудандық прокуратура мен серіктестіктің лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР заң баптарына орай қылмыстық іс қозғалып, Арал аудандық ішкі істер бөліміне жолданған.
Облыстық ішкі істер департаментіне аймақтағы табиғи аң-құстардың, балықтың өсіп-өнуіне мүмкіндік жасау, оларды заңсыз ауламау мақсатында облыс көлемінде «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасын ұйымдастыру ұсынылды. Сонымен қатар, облыстық қаржы полициясы өз кезегінде ІІД-мен бірлесе отырып, жергілікті жерде балық аулауға рұқсат етілген кәсіпшілік және оған жатпайтын құрал түрлері бойынша, еркін сауда жасауға заңдармен тыйым салынған не шектелген тауарлармен сауда жасау барысына тексеру жұмыстарын жалғастыруда. Бұған қоса, уәкілетті орган мамандарының қатысуымен рейдтік тексерулер жүргізілді. Жасалған рейд нәтижесінде Айнакөл елді мекеніне қарасты «Жаманкөл» су айдынында еш құжатсыз, заңсыз балық аулап жүрген қос азамат ұсталды. Оларға заң талаптарына сай үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, табиғатқа келтірген залалдары толығымен өндірілді.
Облыстық прокуратураның жұмыс жоспарына сай осы жылдың мамыр айында Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметіне тексеру жүргізілген-ді. Оның қорытындысы бойынша балық шаруашылығы инспекцияның 4, облыстық орман және аң шаруашылығы инспекциясының 2 қызметкерінің заң талаптарын бұзғандығы анықталып, тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Осы орайда қазіргі браконьерлердің сапарға жол талғамайтын шетелдік автокөліктермен, соңғы үлгідегі техникалық жарақтармен шығатынын, аймақта 5012428 гектарды құрайтын 26 аңшылық алқап бар екенін ескерсек, жануарлар дүниесін қорғауға бағытталған мекеменің материалдық-техникалық базаның сын көтермейді. Демек, табиғаттың төл перзенттерін қорғауға тиісті мекемелер заман талабына сай техникалық базамен қамтамасыз етілуі қажет. Өйткені, табиғат байлығын қорғауда оны аулаушылармен күрес жалғаса беретіні сөзсіз.
Облыс прокурорының аға көмекшісі журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.