АДАМ ҚҰҚЫҒЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ ҚУАТЫ...

Еліміз тәуелсіздігін алып, өз алдына дербес мемлекет бола бастаған күннен-ақ  азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына үлкен мән  беріліп келеді. Бұған басты дәлел,  Ата заңымыздың  түгелдей азаматтардың құқықтарына, бостандықтарына, мүдделеріне арналғандығы. Бұл – демократиялық ашық қоғамда өмірдегі барлық құндылықтардың ішінде адам құқықтары мен бостандықтары өте  маңызды болып саналатындығының айғағы.  Елбасымыздың сара саясатының негізінде әрбір азаматтың құқығы  ерекше қорғалады. Ол дипломатия мемлекетаралық қатынастарды қалыптастыруда ғана емес, адам құқықтары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуда да шешуші рөл атқарады. 
Тәуелсіздікке қол жеткізу адамзат тарихында қаншалықты қиын болса, оны сақтап, іргесін нығайту жолындағы қиындықтарды еңсеру де оңай емес екендігі тарихтан белгілі. Өркениет көшін алға жылжытуда Елбасымыздың атқарар рөлі зор. Ел алдында бір кездері «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садақа ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, кез келген тәуекелге барамын»,- деген Елбасымыздың халқына деген перзенттік, патриоттық сезімі осы кезге дейін аянбай атқарған іс-әрекетімен астарласып жатқандығының куәсіміз. Ол ел өмірінің алуан салалы тіршілік тынысын терең танып, қазақы қасиетті бойына сіңіріп, қиындықты байсалды әрекетпен шешкен көреген мемлекет басқарушысы. Жыл сайынғы жолдау елді бірлікке, еңбектегі табандылық, биік мақсат-мүдделерге жетелеп келеді. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2010 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған "Конституция – мемлекеттің демократиялық дамуының негізі” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өткені бәріміздің есімізде.  Дәл сол Халықаралық ғылыми-тәжірибелік кездесуде  құқықтық мемлекет институттары мен азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Халықаралық заңгерлер одағының "Фемида” сыйлығы берілді. Мұндай сыйлық бұған дейін Ресей Федерациясының Президенті болған Д.Медведевке, Болгария Президенті П.Стояновқа берілген екен. Осыдан-ақ әлем алдында Елбасының биік беделі мен айрықша саясатын байқау  қиын емес. 
Әрбір  мемлекеттің халықаралық саясаты мен беделі, мемлекет басшысы мен сол елдің мемлекеттік институттарының, қызметкерлерінің, өкілдерінің ұстанымдары мен іс-әрекетіне, олардың дайындығы мен мемлекетке шынайы жанашырлығына байланысты екендігі белгілі. Бұл жағынан құзырлы мемлекеттік орындар, заңгерлер, саясаткерлер Конституция аясында берілген мүмкіндіктерді жүзеге асыруда едәуір нәтижелі қызмет атқарып келеді. Елбасының ядролық полигонды жабудан бастап, басқа мемлекеттермен достық  қатынас орнату ниетіндегі әлемге әйгілі көптеген бастамалары мен нақты қадамдары көңіл қуантар дәйектер. Сондай-ақ, Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастықта қабылданған, қастерленетін адам құқықтарын қорғауды көздейтін барлық халықаралық келісімдерге, конвенцияларға қосылды. Конституцияның негізінде ел игілігі үшін  көптеген жұмыс атқарылды. Соның ішінде Президент мемлекетіміздің тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап қысқа мерзімде еліміздің алғашқы сыртқы саясат стратегиясын бекітіп, әлемнің 150-ден астам мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.  Біз байқап, саралаған жетістіктер, Тұңғыш Президентіміздің мемлекетіміздің құқықтық  дамуына қосқан үлесі мұнымен ғана шектеліп қалмайтындығының белгісі. Ел мерейін асқақтатып, абыройымызды арттырар игі істер жалғаса беретіндігі белгілі. Адам құқықтарын сақтау жөніндегі түйінді мәселелерді шешу – бұл әрқайсысымыздың  күш салуымызға  байланысты кешенді, көп еңбекті қажет ететін, мақсатты міндет. Біз барлық халықаралық құқық жөніндегі көпшілікке танылған актілерге қосылдық. Осыған байланысты, біз ешкімге Конституциямен және заңдармен бекітілген адам құқықтарын бұзуға және елдің қадір-қасиетін төмендетуге жол бермеуіміз керек. Қазіргі замандағы адам құқықтары – жалпыадамзаттық мәдениеттің қуатты бөлігі болып қала береді.
Данияр ЖАНЗАКОВ,
Қызылорда облысы Сот актілерін орындау департаментінің басшысы, «Заңгерлер кеңесінің» мүшесі.

ҚОҒАМ 30 қараша 2013 г. 8 397 0