ЕЛ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ЕР БОЛМЫС

Қай жерде болмасын тәуелсіздік туралы сөз туындай қалса,  сол тәуелсіздікпен бірге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың есімі аталады.
Қазақстан  бүгінде мұнай, газ, ауыл шаруашылығы, көмір және басқа да салалар бойынша дүниежүзінде алдыңғы қатарда екеніне дау жоқ. Сонымен қатар, аз ғана уақыт ішінде бой көтерген елордамыз Астананың да әлемдегі ең көрікті қалаларының қатарына қосылуы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегінің арқасы. Қазақстандықтардың сүйікті қаласына айналған Астана қаласының орны ерекше. Оның ішінде, ұлтымыздың символы атанған «Бәйтеректі», «Үкімет үйі» мен «Пирамидаларды», «Ел тілегі» ескерткіші, сонымен қатар, өзінің сұлулығымен кімнің де болмасын көзін тартар  ғимараттар мен ансамбльдер ұлт мақтанышына айналды.    
Сондай-ақ, Елбасымыз өзінің туған халқының әл-ауқатын арттыруда, олардың еңбек етіп, еркін демалуларына, сонымен қатар, өскелең ұрпақтың бақытты ғұмыр кешулеріне, халықтың салауатты өмір сүрулеріне тағылымды жұмыстар жасады. Оған барлық қазақстандық куә.
Елбасы жыл сайын Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға, ел экономикасын нығайтуға байланысты алдағы жылдарға мақсатталған жоспарлары туралы дәстүрлі Жолдауларын жолдап, онда зейнеткерлерге, ана мен балаға, денсаулық және білім беру, кәсіпкерлік және басқа да салаларға    айырықша мән беріп отыр. Әсіресе, осы Жолдаулар аясында өмірге енгізілген «Дипломмен – ауылға!», «Қолжетімді баспана», «Жұмыспен қамту-2020», «Балапан», «Саламатты Қазақстан» бағдарламалары Қазақстан халқының болашағы үшін атқарылып жатқан  игілікті істер екені айтпаса да түсінікті.
Иә, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған халқы үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Жыл сайын елімізде Елбасының ұйытқы болуымен Қазақстан мемлекетін өзге шет елдермен тығыз байланыстыруда халықаралық, әлемдік деңгейлерде басқосулар ұйымдастырылуда. Атап айтар болсақ, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзінің қатысуымен жер бетінде бейбітшілік орнатуда Астана қаласында дінбасылардың  басқосулары,  түрлі тақырыптарда конгрестер мен симпозиумдар, басқа да жиындар өткізіліп, осы жиындарда Елбасы дүниежүзінде тыныштық пен бейбітшілік орнатуда, ұлттар арасында қарым-қатынасты нығайтуда салиқалы ойлар ұсынып, осы ойлары Мемлекет басшыларынан қолдаулар тауып,  жүзеге асырылуда.
Әлем бойынша үш мемлекет қана жырақта жүрген отандастарының ата-баба қонысына қайтуына тілектестік білдіріп, қамқор құшағын ашса, соның бірі Қазақстан мемлекеті. Сондай-ақ, ядролық сынақты болдырмауда әлемде бірінші болып  еліміздегі Семей ядролық полигонын жапқан да біздің Қазақстан елі. Мұның бәрі  Елбасымыздың сарабдал саясатымен жасалып жатқан жұмыстар.
Міне, осындай данышпан, дара тұлға, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен біздер, қазақстандықтар, мақтанамыз.
Асқар НҰРҒАЛИЕВ,
Қармақшы аудандық сотының бас маманы.

ҚОҒАМ 30 қараша 2013 г. 2 186 0