АТА-БАБА АҢСАҒАН АЗАТТЫҚ

Туған жердің түтіні қашан да ыстық. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ата-бабадан қалған қанатты сөз тегін айтылмаса керек. Сені сыртқа теппесе де, бөтен орта бөтендігін жасап тұратыны, реті келсе, шетке қағатыны жасырын емес. Сондықтан да болар кезінде түрлі себептерге орай көршілес елге қоныс аударған ата-анамыз кіндік қаны тамған жерді сағынышпен еске алып, оған оралуды аңсайтын. Ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздік  сол мақсатты жүзеге асыруды  жақындатты. 
Елге оралдық. Берілетін жәрдемақы, түрлі жеңілдіктерді иелендік. Ең бастысы, біз туған жерінің бір уыс топырағына зар болып кеткен көп отандастарымыздың арманына қол жеткіздік. Әрине, тоқырау жылдары аталып кеткен тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде көп қиындықтарға кезіктік. Оны көппен көрген ұлы тойға балап, келешектен үміт күттік, алға ұмтылдық. Біздің ертеңгі күнге сеніммен қарауымызға тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың батыл қадамдары, тәуекелшіл мінезі, қандай істі де белгілі бір мақсатпен бастайтыны себеп болды. Оның онсыз да қиын кезеңде Қазақ елінің астанасын көп облыстың бірінің орталығына  көшіруі ел арасында түрлі пікір туындатты. Кейін ой елегіне салсақ, Елбасы ел шекарасын бейбіт жағдаймен шешкен екен. Айналдырған он бес-жиырма жылдың көлемінде  әлем тамсанған Астана өмірге келді.
Иә, елі таңдаған Елбасының ұлан-байтақ Қазақ жерінде бейбіт қатар өмір сүріп жатқан сан ұлт өкілдеріне жасап жатқан қамқорлығы ұшан-теңіз. Олардың арасында оралмандар да бар. Президент тапсырмасымен олардың тұрмыс-жағдайын түзеуге, тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне, оқып, білім алуына, белгілі бір кәсіппен айналысуына мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, менің өзім жеке кәсіпкерлікпен айналысып, қолөнер шеберлерінің республикалық түрлі байқауларына қатысып келемін. Жеткен жетістігім, алған мадақтауларым аз емес. Жалғыз мен емес, қаншама  оралман өлшеусіз еңбегінің оңды нәтижесін көріп отыр. Мен осының бәрі Тұңғыш Президенттің жүргізіп отырған сарабдал саясаты  мен іскерлігінің  арқасы деп білемін.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
қолөнер шебері.
Тасбөгет кенті.

ҚОҒАМ 30 қараша 2013 г. 1 812 0