Азаматтық борышты адал атқарайық

 

Сыр елінен әскерге сарбаздардың екінші легі аттанды. Осы ретте Жалаңтөс баһадүр ескерткіші жанында салтанатты шара болып өтті. Оған Қызылорда гарнизонының әскери прокуроры Есжан Сыбанбаев, облыстық «Ерлік» үйлестіру қоғамының төрағасы, ауған соғысының ардагері Қайруддин Баймаханов, облыстық «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Камалов пен еңбек ардегері Сайлаубай Әбішев және ата-аналар қатысты.

Шараға қатысқан қонақтар сарбаздарға Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарып, елге аман-есен оралуларына тілектестік білдіріп, жылы лебіздерін арнады. Жалпы әскерге бұл жолы 35 сарбаз №75263 Отар станциясы әскери бөліміне барады екен. Сап түзеген сарбаздардың бірі Данияр Елеуов Қазалы ауданынан келген. Ол өзіне жүктелген үлкен жауапкершілік пен абыройды адал атқарып келуге бара жатқанын мақтан тұтатынын жеткізді. Ал, ата-ана Рашида Рымбаева жас Отан қорғаушыларға еліміздің тұтастығы үшін әрбір жастың үлесі зор екенін нықтап айтып, сәттілік тіледі.Шараның Даңқты батырдың ескерткіші жанында өткізгені де тегін емес екен. Жас сарбаздарға рух беру үшін, батырларымыздың ерліктерін айтып, солардың ұрпақтары екенін еске салды.

Жиын соңында ардагер Сайлаубай Әбішев сарбаздарға ақ батасын берді. Одан әрі жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

ҚОҒАМ 24 қазан 2015 г. 973 0