ДАРА ТҰЛҒАҒА АРНАЛҒАН ДӘРІС

Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің конференц-залында «Менің Президентім» атты тақырыпта ашық лекция тыңдалды. Бұл шараға қаладағы мемлекеттік органдар мен кәсіпорын өкілдері, үздік оқитын жоғарғы сынып оқушылары, мектеп директорларының орынбасарлары, «Нұр Отан» партиясы Байқоңыр филиалының Саяси Бюро мүшелері қатысты. Лекцияда  Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаяны, қызметі туралы айтылды.
Тәуелсіздікке ие болған жиырма жылдан астам уақыт ішінде республика Президентінің жетекшілігімен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Елбасы халықты орасан зор істерге жұмылдырды, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту ісінде әлем тәлім аларлық саясат ұстанды. Еліміздің сыртқы саяси бағытын дәл нұсқап, тұңғыш рет қазақ мемлекетінің шекарасын айқындады, төрткүл дүниеге тең терезелі ел ретінде мойындатты. Міне, сондықтан да әлемнің маңдайалды саясаткерлері Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы және бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық, өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде таниды. Қазақ жұрты еліміздің өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың ілгерілеу мен өркендеу жолына шығуына Мемлекет басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясаттағы көрегендігінің басты рөл атқарғанын жақсы біледі. 
Жиын соңында «Нұр Отан» партиясы Байқоңыр филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Мәуленов барша жиналған қауымды 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесімен құттықтап, бірқатар партия мүшелерін Елбасының саяси бағытын қолдауда қосқан үлесі үшін марапаттады.
Ертай ЖҰМАҒАЗИЕВ, 
«Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі қызметін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.

ҚОҒАМ 30 қараша 2013 г. 1 245 0