Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздің басты Заңы Конституцияның кепілі ретінде азаматтардың конституциямен жария етілген құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша мән бере отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындап берді.
Осы орайда, Қармақшы аудандық прокуратурасы азаматтардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында, мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған аудан тұрғындары арасында «Нұр Отан» партиясы және жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің қатысуымен «Халқым, Заңды біл!» атты құқықтық акция өткізді.
Аудан прокурорының бастамасымен қадағалау аумағында орналасқан кент және 12 ауылдық округтер әкімдерінің және жергілікті уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдерінің қатысуымен халықпен кездесулер өткізілді. Бірлескен кездесулер кестеге сәйкес Қуандария ауылдық округінен басталып, Жосалы кентінде аяқталды. Аталған акция барысында «Нұр Отан» партиясы, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен халық арасында заң түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оңды нәтижеге қол жеткізілді.
Халықпен кездесу барысында азаматтар тарапынан өздерін толғандырып жүрген сұрақтар қойылып, құзырлы органдардың тарапынан қанағаттанарлық жауаптар берілді. Атап айтқанда, ауыл тұрғындары өтініштерінің көпшілігі негізінен жер қатынастарын реттеу, баспана, жұмыссыздық, шағын бизнес ашуға несие алу, тұрақты жұмыс табу тұрғысында болды. Аудан прокуроры Балтабай Сариев осынау сан сауалдарға түсіністікпен жауап беріп, кеңестерін айтты.
Акция аясында прокуратура қамқорлығындағы әлеуметтік тұрмысы төмен 6 отбасына көмек көрсетіліп, олар азық-түлікпен, ал бір жанұя жылу маусымына қажетті көмірмен қамтамасыз етілді.
А.Өмірзакова,
Қармақшы ауданы прокурорының көмекшісі.