Егемендік алған күннен бастап еліміздің алдында жаңа мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыру міндеті қойылғаны белгілі. Елбасы 2011 жылдың 21 шілдесінде Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасын бекітіп, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді мемлекеттік қызметшіні азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық және әдептілік танытуға, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрмет көрсетудің үлгісі болуға, кадрларды туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша іріктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге міндеттейтін нормалар нақтыланған.
ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы нормалар енгізіліп, қазір ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы айқын сипатқа ие болды.
Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға Ар-намыс кодексі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалардың енгізілуі мемлекеттік қызметтегі тұлғаның өзіне қояр талабын күшейтуге және халықтың сенімін көтеруге мүмкіндік береді. Қызметтен тыс уақытта да мемлекеттік қызметшілер жалпы қабылданған этикалық нормаларды ұстануды, қоғамдық тәртіптің бұзылуы жағдайларына жол бермеуді, сыпайылық көрсетуді, қандай да бір қызметті атқару барысында лауазымдық жағдайларын көрсетпеуді және пайдаланбауды, қоғам тарапынан өз әрекеттеріне дәйекті сындар үшін себеп бермеу керектігін ұмытпағаны дұрыс. Заңға сәйкес мемлекеттік қызметші мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті болса, Ар-намыс кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес олар өздеріне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, оны ұтымды әрі тиімді және тек қызметтік мақсаттарға пайдалануға тиіс екені айқындалған. Мысалы, мемлекеттік қызметте жүрген немесе соларға теңестірілген бірқатар лауазым иелері мемлекет тарапынан мемлекеттік функцияларды тиімді орындау үшін өздеріне сеніп тапсырылған автокөліктерді жеке мүдделеріне пайдаланатындығы жасырын емес. Қызметтен тыс уақытта мемлекеттік меншіктегі автокөліктер балабақша, сауда орталықтары, ойын-сауық кешендері, тойхана секілді ғимараттардың жандарында тұратындары жүргізіліп жатқан рейдтік іс-шаралар нәтижесімен анықталуда.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі» (Мемлекеттік қызметшілер этикасының қағидалары) әдептілік пен моральдық этикалық талаптарды насихаттайтын нормативтік актінің бірі болып табылады. Аталған құқықтық актіде мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қойылатындығы, қызметшілердің жалпы қағидалары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы, көпшілік алдында сөйлеу мен қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқы талаптарын айқындайды.
Ар-намыс кодексін және әдептілікті насихаттау мақсатында департамент-тәртіптік кеңеспен тақырыпқа қатысты қала және аудандарда өңірлік оқу орталығымен бірлесіп семинар-кеңестер, дөңгелек үстел, брифингтер мен түрлі шаралар өткізілуде.
Тимур ИБАЙДИЛДАЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің инспекция және бақылау бөлімінің консультант-инспекторы.