ОН САУСАҒЫ МАЙЫСЫП, ТІГІН ТІККЕН

Бүгінде ұлттық өнерімізге деген қолдау артып келеді. Дәстүріміз жанданып, ұлттық құндылықтарымыз қайта түлеуде. Осы бағытта жұмыс жасап жүрген қолөнершілер, ұсталар мен шеберлер аз емес. Міне, сондай жандардың бірі – Дана Маусымбаева. Мамандығы – тігінші. Данаға алғашқы тігін машинасын ұстатып, тігін тігудің қыр-сырын үйреткен ұстазы Соня Шегембаева болыпты. Ол жас қыздың болашақта он саусағынан өнері тамған тігінші боларын әу бастан сезсе керек. Жанынан қалдырмай бар білген-түйгенін үйретеді. Шәкірт ретінде баулиды.

 

– Тігінші болуымды анам қатты қалады. Қарсылығыма қарамастан сол салаға оқуға түсірді. Бірақ уақыт өте келемамандығыма деген қызығушылығым оянды. Содан қолыма ине, жібімді алып жеңіл дүниелерді тіге бастадым. Оқуды бітіргеннен кейін, «Лира» ЖШС кооперативінде тігінші болдым. Алғаш сонда пішуді үйрендім. Ең бірінші көйлек тіккенім әлі есімде, – дейді тігінші.

Көп ұзамай тұрмысқа шыққан Дана бала күтімімен үйден ұзақ уақыт отырып қалады. Ол кезде ел тірлігі әлі түзеле қоймаған шақ еді. Отағасының табысы жетпей, қиналып қалған кездері әлі есте. Ойланбастан тапсырысты үйден қабылдап, тігін тігуге кірісіп кетеді. Ең бірінші көрші-қолаң, ағайын-туыстардың тапсырысын тігіпті. Әуеліде әйелдер мен қыздарға көйлек тігуді қолға алған.Кейін келе құрақ, бесік жасауларын да тігуге көшті. Сұранысқа орай қоржын, жасау секілді дүниелерді де қоса тікті. Үйден жұмысын бастаған кезде қайынсіңлісіне тігін тігуді үйретті. Қолынан келді. Ілгері алып кетті. Қазіргі кезде ол қаладағы жақсы тігін шеберханаларының бірінде тігінші болып жұмыс жасайды екен. Бүгінде техника жаңарды. Бірақ, Дана ескі тігін машинасын қолданады. Себебі тігін машинасы енесінің көзі.

– Бір бесіктің жасауын бір күнде бітіремін. Ішіне салынатын жасауларын да тұтынушының қалауына сай жасап беремін. Оған қоса жиын-тойларға деп қоржындарды көп тіктіреді. Тұсаукесер рәсіміне балғын­дарға арналған тәй-тәйға да көп ұсыныс түседі, дейдіісін тігіп отырған Дана.

Дананың қыздары да өнерден құралақан емес екен. Үлкен қызы Айгүл Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде ветеринария мамандығын оқып жатыр. Қолы қалт етсе түрлі-түсті қағаздардан бұйым жасайды. Әсіресе, оның ақ қағаздан жасалған аққу құсы сұранысқа ие. Өйткені, жас жұбайлар үйленгенде сәндік үшін қолданады екен. Сонымен қатар анасының жасаған дүниелерін әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап, көпшілік назарына ұсынады. Осы арқылы хабарласып, тапсырыс беретіндер көп. Ал, одан кішісі Айсұлу моншақтардан түрлі дүниелер жасайды. Ол мектепте болатын барлық қолөнер шараларына белсене қатысады. Жақында республикалық жастар арасында өткен қолөнер байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды иемденіпті.

Алға қойған мақсат көп. Осы өнерді одан әрі дамытып, жетілдірсем деген мақсаты бар. Жеке цех ашу да жоспарда бар.

Бәрі де шағын істен басталып, кейін үлкен кәсіпке айналып жататыны жасырын емес. Кім білсін, Дана тігінші де келешекте мықты тігіншеберханасын ашып, өз шаруасын дөңгелетіп кетер.

 

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

ҚОҒАМ 09 қыркүйек 2015 г. 2 378 0