ал дәрігерлер негізсіз дәрі-дәрмек тағайындаған
Қызылорда облыстық прокуратурасы әкімшілік-полиция басқармасының құрамы мен денсаулық сақтау құрылымдарының жауапты қызметкерлерінің басын қосып көшпелі алқа мәжілісін өткізді. Мәжіліске облыс прокуроры С.Нұрпейісов және ОІІД бастығы Ж.Бақтыбаев қатысты.
Алқа мәжілісінде «Саламатты Қазақстан 2011-2015» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысындағы заңдылықтың сақталуына жүргізілген тексеру нәтижелері» және ОІІД әкімшілік полициясы басқармасының биылғы жылдың 9 айындағы қызметінде жүргізілген тексерудің нәтижесі туралы» мәселелер қаралды.
Алқада облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов жол сақшыларының дәрменсіздігін қатаң сынға алды. Цифрларды сөйлетсек, өткен жылдың 9 айында 153 жол көлік оқиғасы тіркелсе, биыл 372 оқиға тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есеге артық. Облыстық прокуратураның тексеру нәтижесінде әкімшілік полиция басқармасы негізгі міндеттерін орындамайтыны, яғни, жолда жүру ережелерінің сақталуын қамтамасыз етуде профилактикалық жұмыстардың талап деңгейінде жүргізілмейтінін анықтаған. Дәлірек айтсақ, қала көшелерінде автокөліктердің тіркеуде жоқ мемлекеттік белгілермен, терезелері тұмшаланған күйде жүретіні, құқық бұзушыларға салынған айыппұлдардың өндірілмейтіні, негізсіз хаттамалар толтырылатыны, жалпы жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің жұмыс барысында Ар-намыс кодексі, әдептілік және мәдениеттілік нормаларын сақтамайтындары нақтыланған. Сонымен бірге, наркологиялық, психологиялық есепке алынғандардың жүргізушілік куәліктер алғаны анықталған. Жол ережесінің сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелілік жоқ екендігін ескерткен облыс прокуроры ОІІД әкімшілік полициясы басқармасы басшысынан желтоқсан айының соңына дейін нәтиже шығарып, атқарылған жұмысы туралы баяндауды тапсырды.
Сондай-ақ, еліміздің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз етуді көздейтін «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуында да шикіліктер баршылық. Халыққа дәрі-дәрмекті қолжетімді ету мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жарақтандыру бағытында бірқатар кемшіліктер анықталды. Бюджет қаржысына 15 қарашаға дейін сатып алынуы тиіс 26 жедел-жәрдем көлігі әлі жеткізілмеген. Облыс прокуроры сонымен қатар, науқастарға негізсіз дәрі-дәрмек тағайындау мен дәрілік заттарды сақтау барысында олқылықтар орын алғанын атап көрсетті.
Көшпелі алқа отырысының шешімімен алдағы уақытта атқарылуға тиісті іс-шаралар белгіленді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.