Жақын уақытта облыс тұрғындары теледидарды ең жоғары сапада тегін көре алады. Жылдың соңына дейін сандық телехабар тарату желісі еліміздің барлық облыс орталықтарында іске қосылады. Оның ішінде Қызылорда қаласында да бар. Осы бағытта хабар таратуға көшу жұмысының барысы мен жаңа желіге қосылу үшін қандай іс-шаралар атқару қажет? Осы жөнінде «Қазтелерадио» АҚ облыстық телерадио хабар тарату дирекциясы директорының орынбасары, сату бөлімі бастығының міндетін атқарушы Абилаев Өркен Қарасайұлымен әңгімелестік.
– Өркен Қарасайұлы, біздің облыста аталмыш бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Аталған эфирлік телехабар тарату желісін 13 облыста іске қосуды қарастыратын сандық стандартқа көшу жұмыстарының екінші кезеңі аясында, эфирлік жер бетіндегі телерадиотрансляциялау желісі үшін жиілік-территориалдық жоспар құрылды. Біз радиотелехабар тарату стансаларын жетілдіру және жаңа РТС құрылысы бойынша жұмыстар жүргіздік. Қазір ең соңғы тестілеу жұмыстары жүргізілуде.
Қызылорда қаласы мен қала маңындағы 36 елді мекендерде цифрлық эфирлік телехабар тарату желісінің ресми түрде іске қосылуы рәсімі ағымдағы жылдың желтоқсан айының басында жоспарланған. Сондай-ақ, қазіргі уақытта біздің қалада желі тестілеу тәртібінде жұмыс істейді. Желі іске қосылған сәтте Қазақстан, Мәдениет, Балапан, Хабар, Ел арна, Kazakh TV, Білім, 24, Астана, КТК, 7 канал, 7 news, Первый канал Евразия, МИР, 31 канал, НТК, Тан, СТВ, MuzZone, Hіt TV, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы, Алматы ТВ телеарналары қолжетімді болады. Телеарналар тізімі ҚР Үкімет қаулысымен бекітілген.
– Сандық телевизияның артықшылықтары туралы көп айтылады. Көбінесе бейненің жоғары сапалылығына назар аударылады. Телехабар таратудың жаңа стандартына көшу тағы қандай артықшылық береді?
– Көгілдір экран анық көрсетеді. Аналогтық телехабар таратумен салыстырғанда бөтен шу жоқ. Сіз айтқан сападан өзге, бірқатар техникалық артықшылық бар. Сандық хабар таратуды қолдану – жиіліктер диапазон қорын үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазір елімізде жиілік тапшылығы кездеседі. Бұл жағдайда телехабар таратудың жаңа технологиясы бір жиілікте бірнеше телеарнаны жоғары сапада таратуға мүмкіндік береді. Дегенмен, ең басты артықшылығы – облыста сандық телехабар тарату жүйесін енгізу бұрын бір-екі телеарнаны ғана көріп келген шалғай ауылдардың тұрғындарына – 15, облыс орталықтарында 30-ға дейін телеарнаны тегін тамашалауға жол ашады.
– Егер абонент сандық сигналды сенімді қабылдау аймағынан тыс жерде орналасса, ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» телерадиохабар тарату желісіне қосылу мүмкіндігі бар екені белгілі. Осы желі туралы толығырақ айтып беріңізші.
– «Қазтелерадио» компаниясының мақсаты – республика халқын отандық телерадиоарналардың сапалы сигналымен қамтамасыз ету болып табылады. Ал бұл қала мен ауыл тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздікті жоюға мүмкіндік береді. Өйткені, ел халқының жартысына жуығы аналогтық эфирлік хабар тарату желісі арқылы небәрі 4-5 телеарна ғана көріп келді. Әсіресе, кабельдік немесе өзге желілер арқылы отандық телеарналарды тамашалау мүмкіндігі жоқ шалғай жатқан ауыл тұрғындары осындай күй кешті. Сондықтан да, еліміздің кез келген елді мекенінен қосылып, абоненттік төлемсіз 45 телерадиоарнаны тамашалауға мүмкіндік беретін OTAU TV желісі құрылған болатын.
– Қазір «OTAU TV» абоненттерінің саны бойынша қандай нәтижеге қол жетті? Онда біздің облыстың үлесі қандай?
– Қазақстанда жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі «Кателко+» сауда белгісімен 2002 жылы жұмыс істей бастады. 2011 жылдың қаңтарында жерсеріктік желі «OTAU TV» деген сауда белгісімен жаңа DVB-S2 MPEG-4 сандық стандартқа көшірілді. Ол кезде жерсеріктік желі абоненттерінің саны 6500-ді құраған. Содан бері бұл көрсеткіш қарқынды өсіп, қазір 400 мыңнан асты. Ал бұл шамамен 1,6 млн. көрермен. Оның 28675 үй шаруашылығы біздің облыстың үлесінде. Тағы бір айта кетерлік жайт, желіге қосылған отбасылардың 7,16 пайызы ауылды жерлерге келеді. Бұған қарай отырып ұлттық телехабар тарату желісінің ауылдарда үлкен сұранысқа ие екенін көруге болады.
Yстіміздегі жылдың соңына дейін «Қазтелерадио» АҚ республика бойынша абоненттер санын 500 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Оның 12521 үй шаруашылығы біздің филиалдың еншісінде. Бұл – өте күрделі тапсырма. Алайда, біздің филиал бұл міндетті ойдағыдай орындайды деп сенемін. Ол үшін сеп болатын көп факторлар бар. Біздің кәсіби білікті мамандар, өткен жылдарда жинаған тәжірибеміз, дилерлермен арадағы қалыптасқан серіктестік қарым-қатынас, жергілікті атқарушы органдардың қолдауы, және, ең бастысы, жұмысқа деген ынта өз жұмысымызды ойдағыдай жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады.
Сұхбаттасқан Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.