ОБЛЫСТА ЖҮРЕК-ҚАН ТАМЫРЛАРЫНА ОТА ЖАСАЛУДА

Аймақ медицинасы жыл өткен сайын заманауи күрделі оталар жасауда Алматы, Астана секілді ірі қалалардың көшіне ілесіп келеді. Бүгінде облыстық медицина орталығы мамандары ашық жүрекке, қан тамырлар ауруларына күрделі оталар жасау арқылы сырбойылықтардың сырқатын жазып келеді.

 

Жуырда өзіміздің мамандарымыздың қолға алуымен сондай бір күрделі ота жасалды. Дәрігерлер науқастың миына қан айдайтын күре тамырын тазалап, қан жүру жолын қалпына келтірді. Өйткені сырқаттың қан тамыры 80 пайызға бітелген. Операция екі сағатқа созылды. Облыстық медицина орталығының директоры Сәбит Пазылов бастаған өз істерін жетік меңгерген ақ желеңділер отаның сәтті шығуы үшін аянған жоқ.

– Бұл отаға 71 жастағы науқас тартылды. Операция күре тамырға жасалды. Науқас бұған дейін инсультпен ауырған. Оның себебі миға қан жеткізетін күре тамырдың тарылуы. Осы жағдай анықталған сәтте ота жасауды ұйғардық. Мұндай ота бұрын бізде жасалмайтын, – дейді Сәбит Пазылов.

Облыстық медицина орталығының мамандары бұған дейін 11 адамға ота жасап үлгеріпті. Осылайша біздің дәрігерлер өзге аймақтағы әріптестерінің көмегіне жүгінуді доғарды.

Республика көлемінде де, облыс бойынша да қан тамырлары ауруымен ауыратындардың қатары тым жоғары екенін айтады мамандар. Сондықтан жылына 60-70 адамға ота жасау жоспарлануда. Оған орталықтың техникалық базасы мүмкіндік берсе, екіншіден мамандардың біліктілігі де жеткілікті.

 

Айнұр БАТТАЛОВА.

ҚОҒАМ 16 шілде 2015 г. 947 0