ТҰРҒЫНДАР ҚАУІПСІЗДІГІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Облыстық мәслихаттың мәжіліс залында «Жастар ісі, құқық қорғау, спорт және туризм мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясының биылғы жылдың жарты жылдығына арналған кезекті отырысы болып өтті.

Комиссияның күн тәртібінде құқық бұзушылықты азайту, жол ережелері қауіпсіздігін сақтау бойынша атқарылған шаралар талқыланды.

Депутат Нұрмұрат Ерманов төрағалық еткен комиссия отырысында алғашқы хабарламаны Қызылорда ОІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ә.Шаймағамбетов жасады. Онда қоғамдық тәртіптің сақталуы, қылмыспен күрес, жол қозғалысының қауіпсіздігі негізінде атқарылған жұмыстар нәтижесі мен облыс көлеміндегі криминогендік ахуалдың біршама тұрақтылығы сақталғаны айтылды. Ішкі істер органдары жүргізген профилактикалық шаралардың арқасында қасақана кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр дене жарақатын салу, қарақшылық, алаяқтық, бұзақылық көрсеткіштері төмендеп отыр. Мәселен, жалпы қылмыстар 12,2 пайызға азайған. Ал жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс 46,2 пайызға кеміген. Сонымен қатар өткен жылдың 12 айында әкімшілік полиция бөліністерімен барлығы 116 588 құқық бұзушыға 910 млн 375 мың теңге айыппұл салынған. Аймақта жол-көлік апатының алдын алу бойынша да тиісті жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде жол қозғалысы ережесін бұзушылықты анықтау деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға өскен. Аталған шаралардың негізінде жол апаттары 17,2 пайызға, қайтыс болғандар 28,4, ал, жарақат алғандар 19,6 пайызға төмендеген. Осы ретте жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында өткен жылы жергілікті бюджеттен 521 млн теңге қаражат бөлінді.

Дегенмен, түйіткілді мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, жол-көлік қозғалысына байланысты жаяу жүргіншілерге арналған жол, басты көшелер жиегіндегі көлік қозғалысының белгілері, бағдаршамның орналасуы әлі күнге ретке түсе қоймаған. Сонымен қатар, жол полициясы қызметкерлерінің жұмыс барысында қателіктерге бой алдырып жататыны сөз етілді. Сондай-ақ, "Батыс Еуропа - Батыс Қытай” жолында орын алатын апаттар салдары да оң жолға қойылмай келе жатқандығы баса айтылды. Осы мәселелердің алдын алу үшін белсенді жұмыс жасау керектігі тілге тиек етілді.

 

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

ҚОҒАМ 11 шілде 2015 г. 694 0