ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР

17 МЕКТЕП

ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛЕДІ

 

Әлеуметтік сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар көңіл тоғайтады. Бүгінгі таңда білім беру, денсаулық, мәдениет және спорт салалары бойынша атқарылған жұмыстардың бәрі қалың елдің көз алдында. Мәселен, көп жылдан бері проблема болып келе жатқан жалпы орта білім беру жүйесіндегі үш ауысымда оқыту мәселесі біздің өңірде толықтай шешімін тапты. Облыстағы балалардың 90 пайызға жуығы қазір балабақшаға барады. «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру жоспарға сәйкес 2020 жылға дейін емес, 2015 жылдың аяғына дейін шешу міндеті қойылып отыр.

– Үстіміздегі жылдың соңына дейін өңірімізде 17 орта мектеп пайдалануға беріледі. Осылайша, жыл аяғынан бастап жаңа мектептерде 6320 бала білім алады. Оның 7-і республикалық бюджет қаржысына, қалған 10 орта мектеп облыстық бюджеттің қаражатына салынуда, - дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Майра Барақбаева бізбен әңгімесінде.

Оның айтуынша, жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін білім саласы ғимараттарын салуға қазынадан барлығы 6,5 млрд теңге қаражат бөлініпті. Нақты кезеңде аймағымызда 22 мектеп пен 3 балабақшаның құрылысы жүруде. Бұған қоса, 7 аула клубы мен мұражай және кітапхана салу жоспарда бар. Бұлардың барлығы осы жылдың соңына ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Естеріңізде болса, өткен мамыр айында Арал (Қамыстыбас ауылы) және Шиелі (Төңкеріс) аудандарында 150 орындық 2 аула клубы балалардың игілігіне берілген болатын.

 

АУРУШАҢДЫҚ

АЗАЙЫП КЕЛЕДІ

 

Әлеуметтік саланы бөліп-жарып қарауға болмас, алайда денсаулық саласының орны қашанда бөлек. Соңғы жылдары өңір тұрғындары арасында кейбір қауіпті сырқат түрлерінен аурушаңдық деңгейі төмендегені байқалады. Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда туберкулез, қатерлі ісік және инсульттан өлім көрсеткіші едәуір төмендеген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сапар Рахменшиевтің айтуы бойынша, қазіргі кезеңде облыс тұрғындарының орташа өмір сүру жасы 70,8 жасқа дейін ұзарған. (Бұған дейін ел тұрғындарының орташа өмір сүру жасы – 68 жас болғанын еске сала кетейік).

«Кейінгі жылдары жалпы өлім көрсеткіші күрт төмендеді», - дейді ол. – Мысалы, бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 17 пайызға төмендеп отыр. Ал, туберкулез сырқатымен ауыратындар 20 пайызға азайып, аталған науқастан қайтыс болатындар санының төмендеуі байқалады. Сонымен бірге, қатерлі ісіктен көз жұматындар – 5 пайызға, қан айналымы сырқатынан көз жұматындар көрсеткіші 10 пайызға төмендеді».

Облыстың бас дәрігері мұндай көрсеткіштерге денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігі мен білімін көтеру арқылы және мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аймағымызда сәтімен жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткізгенін айтады. Айта кетейік, денсаулық сақтау саласы ғимараттарының құрылысын салуға биыл бюджет қоржынынан 2,8 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға 6 нысанның құрылысы салынуда. Оның 1-і аурухана, 3-і емхана, ал қалғандары дәрігерлік амбулаториялар. Сонымен қатар, бір диспансерге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін аталған 6 медициналық нысанның 3-ін қолданысқа беру көзделіп отыр.

 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

ҚОҒАМ 04 шілде 2015 г. 951 0