« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен ҰБТ-ның қорытындысына арналған жиын болып өтті. Онда тест нәтижесі талқыланып, биылғы жылы жеткен жетістіктер сөз етілді. Сондай-ақ, оқушыларға сапалы білім беріп, 2015 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке ие болған және сынақты ұйымдастыру мен өткізу барысында белсенділік танытқан бірқатар қызметкерлер марапатталды.
– Биылғы жыл білім саласы үшін нәтижелі болды. Мектеп бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында өз білімдерінің жоғары екендіктерін дәлелдеді. Тест нәтижесінде орташа көрсеткіш 81,7 балл болып, аймағымыз республика бойынша 13-орыннан 5-орынға көтерілді. Оған қоса биылғы «Алтын белгі» белгісіне үміткер 231 бітірушінің 139-ы өз білімдерін қорғап, үмітімізді ақтады. Бұл – соңғы үш жылдағы жүйелі жұмысымыздың жемісі. Сонымен қатар, білім мекемелері басшылығының, қалалық, аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармасы тарапынан ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жолға қойылғандығынан деп білемін, - деген аймақ басшысы алдағы жылыҰБТ көрсеткішін жақсарта түсу керектігін баса айтты.
Мұнан соң облыстық білім басқарамасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев сөз алып, білім сынағы кезіндегі дайындық барысы мен атқарылған жұмыстар турасында хабарлама жасады. Оның айтуынша, 2-6 маусым аралығында өткен сынақ кезінде облыс бойынша 9 тестілеу пункті жұмыс жасаса, биылғы жылы Жалағаш ауданы орталығында да көптен шешімін таппай келген ҰБТ ӨП ашылып, өз жұмысын бастаған. Сонымен бірге үстіміздегі жылы аймақ бойынша мектеп бітіруші 6452 оқушының 4165-і тест тапсырып, 2287-сі мемлекеттік емтихан формасында аттестаттаудан өткен көрінеді. Бұдан бөлек, халықаралық ғылыми жоба конкурсына қатысушы 58 оқушы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде сынақтан босатылған. Бұлар мемлекеттік қорытынды емтиханының бағалары бойынша берілген сертификаттардың негізінде мемлекеттік білім беру грантын иелену үшін конкурсқа қатысатын болады.
Ал аудандар арасындағы ҰБТ нәтижесін айтар болсақ, көш басында 83,5 пайыз балдық нәтижемен Жалағаш ауданы тұр. Бұл ауданда 10 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. Екінші орынды 83,14 балдық көрсеткішпен Қармақшы ауданының мектеп бітіруші түлектері иемденуде. Үштікті 82,2 балмен Қазалы ауданының оқушылары тұйықтайды. Айта кетерлігі, бұл ауданда «Алтын белгіге» үміткер 24 оқушының 21-і өз білім деңгейлерін дәлелдеп шыққан. Мұнан кейінгі орындарда Жаңақорған, Арал аудандары, Қызылорда қаласы мен Сырдария, Шиелі аудандары тұр.
Жалпы биылғы мектеп бітірген 6452 түлектің 3931-і, яғни, 61 пайызы еліміздің ЖОО-да мемлекеттік білім грантын иелену үшін конкурсқа қатыса алады немесе ақылы негізде білім алатын болады. Ағымдағы өткен сынақтың тағы бір жетістігі ең жоғарғы 123 балды Жалағаш ауданындағы №202 орта мектептің оқушысы, «Алтын белгі» иегері Мархаббат Шайхиева мен Қызылорда қаласындағы №136 мектеп-лицейдің түлегі Аружан Мәдеш иемденген. Сондай-ақ, биыл 653 бітіруші түлек 100-ден жоғары балл алған.
− Биылғы жылғы ҰБТ көрсеткішінің жоғары болуы кездейсоқтық емес. Бұл соңғы жылдардағы мақсатты түрде жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сынақ қорытындысының барлық аудандарда да біркелкі жоғарылауы осының дәлелі. Десе де, кез келген жұмыстың жетістігімен қатар кемшілігі болатынын ескерсек, ҰБТ негізінде 292 оқушы шекті балдан өтпеді. Ең төменгі көрсеткіш көрсеткен мектептер мен жекелеген пәндерден «2» алған және бейіндік пәндерден қажетті 7 балды жинай алмаған оқушылар да бар. Бұл көрсеткіштер алдағы уақыттағы жұмысымыздың негізгі бағытын анықтап отыр, - деп облыстық білім басқарамасының басшысы Б.Сайлыбаев өз сөзін қорытындылады.
Қалай десек те, биыл мектеп бітіруші түлектер жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Дегенмен, әлі де жұмыстар жасалу керектігін нықтаған облыс әкімі қолдарына аттестаттарын алған түлектеріміздің енді өз құжаттарын ЖОО мен колледждерге тапсыратындығын айтып, оларға сәттілік тіледі. Шара соңы марапаттау рәсіміне ұласты, яғни, ҰБТ барысында өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқара білген бірқатар қызметкерлерге облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс хаты» табысталды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |