Ең алғаш мотоцикл мінген де, жекеменшік «Волга» машинасының иесі болған да Сейітхан Орынбайұлы болар. Бала кезімізде оны «Сейітхан шопыр» деуші едік. Құдай берген талант «шопырлықтан» өсіріп, кітап авторлығына дейін жеткізіпті. Қызғанамыз, бірақ күндемейміз, қуанамыз, өйткені, ол – «1 Май» қазақ ер балалар орта мектебінің түлегі. Қалаға, қала берді облысқа танымал азамат Қылышбаев Орынбайдың отбасынан, әке даңқымен емес, өз бетінше өз әлінше күш-қуатын көрсете білген азамат.
Бұдан біршама уақыт бұрын Сейітханның қала аралап шежіре жиып жүргенінен хабардар едік. Мәскеу, Орынбор, Ташкент, Алматы сияқты ірі қалалардың мұрағаттарынан алып шежірені айналымға енгізуі «шопырымызды» ғалымдық дәрежеге көтергендей.
Сейітхан келіні Айгүл Нажмаддинқызымен бірігіп жазып шыққан «Қоқандықтарға қарсы соғысқан Сыр бойы батырларының тарихи шежіресі және олардың ұрпақтары» кітабы («Кітап» ЖШС, 2013 ж.) бұл сөзімізді дәлелдегендей.
Ақмешітке орнығып алған қоқандықтар қазақтардың малын олжалап қойған жоқ, арын да таптады. Көнекөз қариялардан естуімізше: «Қоқан бегіне күн сайын кешке етегі көтерілмеген жас бойжеткенді әкелу міндетті болыпты. Бұл енді жергілікті халықтың наразылығын туғызды. Байлар көшіп кетіп абыройын сақтаса, кедей байғұстардың қорғанышы батырлар еді. Сондықтан батырларды қалай мақтасақ та жарасар, бірақ Сейітхан мырза бұл жолмен жүрмеді, мақтамады, өзінше сүрлеу салды. Батырларды кітапта тек атқарған істерін құжат негізінде көрсетеді. Ол үшін Ақмешітке байланысы бар қалаларды өзі барып, шаң басқан архивінен қажетті көшірмені алып, осы кітапқа ұсынған, жариялаған.
Кітап кіріспе мен негізгі үш тараудан тұрады. Пайдаланған әдебиеттер мен деректер тізімі берілген І тарауында Қоқан билігіне қарсы Сыр бойы қазақ батырларының ерлігі баяндалса, ІІ тарауында «Бабалар тарихы – ұрпаққа өнеге» деп беріліп, ХІХ ғасырдың 50-70 жылдарындағы батырлар, рулар, олардың өзара қатынасы туралы, ру бірігіп ұлтқа қалай ұмтылатынын деректермен дәлелдейді.
Халыққа салынған салық ауыртпалығы былай көрсетіледі. Бекке арнап малдан зекет жинаған. Он күн өткеннен кейін әрбір ауылдан екі қойдан қайта жинаған мұны «құрбасы» деп атаған. Көктемге қарай жайлауға көшкен елдің әрбір үйінен бір қойдан салық салған мұны «түтінақы» деп атайды. Осындай салық түрлері егін піскенде, қой қоздағанда, тары піскенде жиналған. Бір пұт ақталған тары, 10 қозыдан берген «бөлім» салығы дегендей.
Кітап бір қарағанда бір ата тектің шежірелік баяндауы сияқты, бірақ зейін қойып оқыған адам шығарманың бұл көлемнен кеңірек жатқанын байқайды. Отбасы, ататек деп ат беріп, айдар таққанмен Сейітхан Орынбайұлының бұл кітабы осы үдеден шығатындай.
Кітаптың айқара бетіне онекі ата байұлы, Жаппас, Сумұрын (шылауын) жүйесі берілген. Ру сұрасу қазақтың төлқұжаты. Мұны білу парыз, бұл өмірлік мұқтаждықтан туған.
Бұл қарға тамырлы қазақты туыстандыратын амал. Осы жағынан келсек, Сейітхан Орынбайұлының туған келіні Айгүл Нажмаддинқызымен қосылып жазған бұл кітабы отбасылық кітаптан тарихи-танымдық кітапқа дейін өскендей.
Бұл жерде мәселе батырлардың тізе қосып, бүкіл ел болып қоқанға қарсы көтерілуінде жатыр. Қазақ бірлігіне бекем болса, сауыт киген жаудың да бетін қайтара алатынын меңзейді. Кітап осынысымен құнды.
Орынбай ҚҰЛЫМБЕТОВ,
зейнеткер ұстаз.