Мінез. Адамның мінезі сан саналы, көп қырлы болып келеді. Саралап айтар болсақ: жомарт, сараң, керісінше мырза, тәкәпар, тасбауыр, биязы, өзін жоғары ұстау, кішіпейіл, қызғаныш, ашу, сабырлы, екіжүзді, маңғаз, паң, өтірікші, қанағат қылу, тәубе ету, әдептілік, керісінше әдепсіздік, санасыз, сыпайылық , т.б.
Бір адам екінші адамға ұқсамайды. Әр адамның әйтеуір бір ерекшелігі бар десек, оның тек бет-бейнесі, жүріс-тұрысы, киім киісі ғана емес, өзіне біткен мінезіне орай айтқан болуы керек. Мінез – әр адамға тән, лайық психикалық қасиеттердің жиынтығы дейді "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” кітабында. Адамның жақсылық көруі, жамандық көруі де, бақытты болуы да, болмаса маңдайының бес елі соры болуы да мінезіне байланысты екені белгілі.
Әдептен аспайтын адамдар бар, ал оның бір белгісі, үлгісі – сыпайылық. Соңғы уақытта мен түсінбейтін бір мақал шықты, ол "мың сіз – бізден бір шыж-быж”. Бұл мақалға келісе қою қиын. Атам қазақ: "ішкен-жегенің өзіңе”, "жақсы адам көргенін айтады, жаман адам ішкен-жегенін айтады”, "ішкен-жеген бір күндік, сыйластық мың күндік” деген. "Көңіл көңілден су ішеді”, "көңіл көзге көрінбейді”, "тамағыңа емес, ниетіңе, көңіліңе бола келдім”, "қалған көңіл – шыққан жан”. Тү-у, қалай жеріне жеткізе айтқан. Иә, көңіл қымбат. Сондықтан сіз, бізге яғни, сыйластық пен көңілге не жетсін?!
Мінезге отбасындағы жағдай, тәлім-тәрбие әсер етеді. Біздің бала кезімізде үйге қонақтар жиі келетін. Сонда ата-аналарымыз:
«Үлкен кісілер келеді, әдепті болыңдар, тыныш жүріңдер, екі қолдарыңды беріп сәлемдесіңдер, қолдарына су құй, батасын ал, жауынмен жер көгереді, батамен ер көгереді, ертең үлкейгесін сол бата сені азамат қылады» дейтін. Біздер сол кісілердің қолына су құюға таласатынбыз. Олар жақсы баталар беретін, мерейің көтеріліп қалатын. Сондағы олардың ойлары балаларды жас кезінен үлкенді сыйлауға, еңбекке баулуға, әдепке тәрбиелеуге бағышталады екен ғой.
Алғашқы кезде адамды жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу-сөйлемеуі яғни, мінез-құлқына қарай баға берсе, келешекте істеген ісіне, артына қалдырған жақсы қасиеттеріне қарай баға беріп, қадыр тұтады. Біздер тыныш отырған адамды байсалды, байыпты, әдепті, салмақты, парасатты дей отырып, оның кім екенін білмей жақсы адамға санаймыз. Ал оның ішінде "ит өліп, қасқыр ұлып” жатыр ма, оны тек бір Алла біледі. Ал, енді ретімен әзіл-қалжың айтып, шалқып сөйлеп, әңгіменің көрігін қыздырып отырған адамды «аузына келгенді айтады, көп сөйлейді, мылжың» дейміз. Бұл – асығыс ұғым, біз оның жан дүниесін ұғынбағандық.
"Үндемеген адамға иілгім де келмейді” дейді Т.Карлойль. Үндемегеннен үйдей бәле шығады, аузына су толтырып алғандай үндемеуін, аузында қалжыңы жоқтың қолында шоқпары бар» дегенді мен айтқаным жоқ. «Адамды (қонақты) киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарай шығарып салады.» (Орыс мақалы). «Шамаң келсе шалқып сөйле, үйіріп соққан дауылдай» деген Тұрмағанбет шайыр. Исламда көркем мінезді кісі дегеннің негізгі үш қасиеті болса соның біреуі: адам үнемі жадырап (үндемей емес) жүруі керек. Конфуций айтады: «ұзақ өмір сүргің келсе езуің жыйылмасын.»
Адамның тірі жәндіктерден бірден-бір айырмашылығы оның сөйлеуі, яғни – сөз. Сөз – кереметтердің кереметі, қасиеттісі, құдіреттісі. Мына жарық дүниеге әуелі сөз келген, дыбыс пайда болған, тіпті сөз құдай еді, сөз құдаймен келді деген дереккөздер бар қасиетті кітаптарда. Ғарышқа зымыран жібергенде белгілі жерге дейін ұшып, жеті қат көк аспанға тіреліп, әрі қарай ұша алмаған екен. Сол кезде әрі қарай тек дыбыс – сөз кеткен. Осыдан-ақ сөздің құдыретін пайымдай беріңіз.
Өмірде адамдар қатынасында көп сөйлейтін адам, аз сөйлейтін адам деген ұғым бар. Сонда көп сөйлейтін кісі күніне неше сағат сөйлейді, ал аз сөйлейтін тәулігіне қанша уақыт үндемей отырады? Сұрақ бар, бірақ оған нақты жауапты ешкім берген жоқ, бере де алмайды, себебі бұл – кең ұғым. Менің түсінігімше, көп сөйлейтін адам жоқ, пайымды, парасатты, мағыналы, тәтті, тәрбиелі, ойлы сөз айтатын адам бар. Керісінше парықсыз, мазмұнсыз, мағынасыз, ойсыз, қисынсыз, қыңыр сөз бар, яғни, біріне-бірі қайшы екі категория. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» дейді Абай хәкім. «Үндемегеннен жақсы сөз айтқан жақсы» деген пайғамбар хадисінде.
Бай мінездер бала кезден қалыптасады. Үйге қазыналы, көрген-білгені мол адамдар келгенде әкем марқұм «Үлкен кісілердің сөзін тыңда» деп қонақ отырған бөлменің есік жағына отырғызып қоятын. Шежірелі, елді-жерді аралаған, көрген-білгені көп сыйлы кісіге әңгіме айтып отырыңыз дейтін. Сонда ол кісі көп тәлімсімей:
– Көргенімді айтайын ба, жоқ әлде естігенімді айтайын ба? – дегенде.
– Естігеніңізді айтпаңыз өтірік болар, көргеніңізді айтыңыз, – деп қолқа салатын.
Сосын ағыл-тегіл қызықты, мағыналы-мазмұнды әңгімелер айтылатын. Сондай көрген-білгені мол менің нағашым Есіркеген ағам еді.
Ұлы пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с.-ның үмбеттеріне қалдырған мұрасы – хадистер. Оны біздің моральдық кодексіміз десе де болады. Осы ұлы қазынада бұл дүниеде қисынсыз көп сөйлеген адамның ол дүниеде (қияметте) күмәні көп болады, адам бәлені көбінесе тілінен табады, ал, адамдарға тағам жегізіп, шырындай тәтті сөз сөйлегендер пейішке барады деп жазады. Осы үш мағынаның әрбіреуіне бөлек-бөлек тоқтап, пікір-ой айтуға болады. Бірақ оны әдейі айтпай отырмын. Себебі, ойлы оқырман бұл сөйлемдер мен сөздерді талдаса, бәрі түсінікті.
Мінездің ішінде әдет пен әдептің де өз орны бар. Жақсы, жаман, тіпті қызықты ырым-әдеттер бар. Жақсы әдетімізді ешкім алып қоймас, жаман мен қызық ырым – әдетімізге аздап тоқталайық. Мысалы, Шиллер шығарма жазғанда аяғын легендегі жылы суға малып отырса, Чайковский өзін сырттан құлыптап кетуді сұрайды екен. Орыс жазушысы К.Федин теңіздің шуылын тыңдаса, Гете ескі газеттердің тігінділерін жиі алдырады. Біздің де қазақы ырым-әдетіміз жеткілікті, мысалы сейсенбі күні жолға шықпау, кейбір сандарға күмәнмен қарау, алыс сапарға шыққанда бата алу, тағы басқалар.
Ұрлықшы ұрлықты мұқтаждықтан немесе қарны ашқандықтан жасамайды, әдет болғасын істейтін көрінеді. Тіпті ұрлайтын нәрсе болмаса өз киімінің бір қалтасындағы затты алып, екінші қалтасына салады екен. Мен жаман әдеті бар бір адамды білем. Сол кісіге қанша айтсаң да өзінің әдетіне басып, айтқанынан қайтпайды. Мұндай адамды халқымыз «жетесіз» деп айтқан. Көн қатса қалпына барады, жетесізге жеті айтсаң да болмайды. Әлбетте өзіңдегі жаман әдеттен арылу оңай емес, дегенмен өзгермейтін сірескен (сіреу) әдет болмайды. «Әдетіңді түзе, мінезің жақсы болады, мінезіңді түзе, өмірің жақсы болады» деген Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов. Бұдан артық қалай айтуға болады.
Енді әдепке келетін болсақ, бұл бір мінездің төресі деуге әбден болады. Адамдар әдепті кісіні әр уақытта сыйлаған. Ұлылардың айтуы бойынша, адамдардың екі әшекейі бар, ол әдеп пен кішіпейілділік. Осындай әдептілікті қайдан үйрендің дегенде Лұқпан хәкім: "Әдепсіздерден үйрендім” депті. Біздің дана халқымыз да «Әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал жақсы, жөн білмейтін жаманнан, жайылып жүрген мал жақсы, әдепсіз бала ауыздықсыз атпен тең, ақылды қария жазылып қойған хатпен тең, әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар» деп жеріне жеткізе айтқан.
Кәтемізді, кемшілігімізді, яғни, мінезіміздің жаман екенін білеміз де осыған көніп жүре береміз бе? Енді оны қалай дұрыстауға, жөндеуге болады? Біздің ойымызша, оны жөндейтін мәртебелі ақыл. Адамдардың кейбір жақсы қасиеттерін көреміз де, сол адамды түпкілікті білмей, ақылды дей саламыз. Әсіресе, орыс ликсиконында ақыл, ақылды деген сөзді кез келген жерге оңды-солды пайдаланады. Ақыл – көзге көрінбейді, салмақпен өлшенбейді, ұзындықпен есептелмейді, қолмен ұсталмайды, түрі, түсі, иісі жоқ құдіретті ұғым. Ақылды адам ба, жоқ әлде ақылсыз адам ба тап басып білетін құралды ешбір ғалым ойлап тапқан жоқ. Ақыл –жаратушының сыйы. Ол кез келгеннің басына қона бермейді. Адамды нағыз адам ететін ақылы екен. Шайыр Шәкірім Құдайбергенов: "Ақыл деген – өлшеусіз бір жарық нұр”.
"Жеті қазына” туралы жиі айтамыз. Оған әр елде әртүрлі мағына береді. Ал, ислам діні бойынша жеті қазынаның бірі – ақыл. Ақыл – байлық пен бақыттың тірегі. Сондықтан болар немеремнің атын Ақыл қойдым. Біз жетпеген жерге ақылымен сол жетсін. Осы қасиетті де, киелі есімді балам ауырсынбай, дақ түсірмей алып жүрсе екен деп алаңдаймын, әрі тілеуін тілеймін.
Мінез туралы пікірімізді жинақтайтын болсақ, ең бастысы, адам адамға қиянат, жамандық жасамауы керек. Ең түпкі түйін де осы. Біздер бір қараны көрдік, яғни жасымыз зейнеткер белесінен асты. Сондықтан жақсы, жаман мінезділерге байыппен қараймыз. Осы ой-пікірімді жас жеткіншектерге бағыштап отырмын. Себебі, сендер албырт, асау, сабырсыз, қызба, ынтық, күштісіңдер, яғни бір сөзбен айтқанда, жассыздар. Сондықтан мінезді бағындыру оңайға түспейді. Өздеріңе сын көзбен қарап, мақсаттарыңа жетіңдер. Дана халқымыз: "жігітті талап жетелеп, арман өсіреді” дейді. Жігіттің бозтайлағы Дегдар (табиғаты бөлек, жаны жайсаң, байсалды, жақсы қасиеті мол, ұлағатты, ғұлама, текті, бекзат) болып өсіңдер.
Қырымбай МҰХАМБЕТЯРОВ,
зейнеткер.