Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылы орталығында сонау 1938 жылдан бері халыққа қызмет жасап тұрған ауылдық аурухана бар болатын. Бұл аурухана тек аманкелділік тұрғындарға ғана емес, көршілес Жетікөл, Айдарлы, Бесарық ауылдары тұрғындарын да емдейтін. Түрлі себептермен соңғы екі жылдай мерзімде аурухана жабылып қалған-ды. Ауырған жандар сонау Тереңөзек кентінде орналасқан аудандық ауруханаға, облыс орталығына сабылып, әбден әбігерге түсті. Жасыратыны жоқ, облыс, аудан әкімдіктеріне жаңа басшылар келген соң ауыл халқының жанайқайы солардың құлағына жетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен аудандық аурухана жанындағы ауылдық аурухана болып құрылып, осы жылғы қыркүйектен бастап жұмыс жасап жатыр.
Аурухананың бұрынғы қызмет істеп, жұмыссыз қалған отызға тарта қызметкерлері түгелдей өз орындарына қайта қабылданды. Ауруханаға қажетті төсек-орын, дәрі-дәрмек, тағы басқа аудандағы аурухана қаражатынан алынып берілді. Ауылдық аурухана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, жылу жүйесін толығымен жаңартылды.
Қыркүйектен бері ауруханада 52 науқас жатып, емделіп шықты. Халық ризашылық танытуда.
Мұны баспасөз бетінде айтып отырған себебіміз ауылдық аурухана ұжымы мен қарапайым ауыл тұрғындары атынан, осы қуанышты қалың жұртшылықпен бөлісе отырып, бізге қолдау көрсеткен аймақ басшыларына алғысымызды білдіру еді. Жұртшылықтың алғыс сезімін, сол халықтың үні, көзі, құлағы болып саналатын баспасөз арқылы жеткізуді жөн көрдік.
Ауыл ардагерлері атынан Зиятбек ФАЗЫЛОВ,
ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Сырдария ауданы.